Тоқаев Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровті қабылдады

Самал Асқар 10 нау. 2026 19:22

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровті қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарлары туралы есеп тыңдады, деп хабарлайды Dala News.

Әкімнің айтуынша, облыстың экономикалық өсімі 113,9 пайызды құраған. Сонымен қатар мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдері 1 триллион теңгеге артқан.

Нұралхан Көшеров 2025 жылы өңірге 1,7 триллион теңге инвестиция тартылғанын, оның ішінде 1,4 триллион теңгесі жеке инвестиция екенін айтты. Ал тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1,4 миллиард долларға жеткен.

Сондай-ақ өткен жылы жалпы құны 340 миллиард теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.

Қазір облыста 21 индустриалдық аймақ жұмыс істейді. Ал «Turan» арнайы экономикалық аймағында құны 315 миллиард теңгені құрайтын 26 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Ауыл шаруашылығы саласында мақта-тоқыма, жүгері және ет өндірісі кластерлері дамып келеді. Жобалар толық іске қосылған жағдайда 2027 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі қосымша 479,5 миллиард теңгеге артады деп жоспарланған.

Әкімнің мәліметінше, соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есеге азайған. Ал 148 мың адам жұмыспен қамту шараларына тартылып, өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құраған.

Сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет нысандарын салу, жол инфрақұрылымын дамыту, газдандыру және елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндалды.

Кездесу қорытындысында Президент инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы мен өндірісті дамыту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove