Астанадағы бірқатар резонанстық оқиғалардан кейін қаладағы тұрғын үйлердің қауіпсіздігі қайта талқылана бастады, деп хабарлайды Dala News.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, елордада қазіргі уақытта 178 тұрғын үй апатты жағдайда деп танылған. Бұл негізінен 1950–1960 жылдары салынған ғимараттар.
Вице-министр Қуандық Қажкенов соңғы уақытта болған бірнеше оқиға – фельдшердің үстіне фасадтың құлауы, лифтке қатысты жағдай және апатты үйлер мәселесі бойынша тексеріс жүргізіліп жатқанын айтты. Қазір ғимараттарға техникалық сараптама жасалып, арнайы комиссия оқиғаның нақты себептерін анықтауы тиіс.
Министрлік өкілінің айтуынша, егер ақаулар құрылыс кезіндегі қателіктерден туындағаны дәлелденсе, жауапкершілік құрылыс компаниясына жүктеледі. Мұндай жағдайда әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке дейін қарастырылуы мүмкін. Ал мәселе үйді күтіп-ұстаудың сапасыздығынан болса, онда басқарушы компаниялар немесе ОСИ жауап береді.
Сондай-ақ вице-министр негізгі құрылыс конструкцияларына кемінде 10 жылдық кепілдік берілетінін еске салды. Егер осы мерзім ішінде ақау анықталса, оны құрылыс салушы өз есебінен жоюға міндетті.
Жалпы ел бойынша шамамен 60 мың тұрғын үй бар. Соның 1,7%-ы апатты жағдайдағы ғимараттар қатарына жатады. Елордадағы мұндай үйлердің бір бөлігі техникалық тұрғыдан күшейтілсе, енді бір бөлігі бұзылып, орнына жаңа тұрғын үйлер салу жоспарланып отыр.
