Қазақстандағы конституциялық референдум жаһандық саяси тәжірибеге толық сәйкес келеді, деп хабарлайды Dala News.
Бұл туралы халықаралық сарапшы, грузиялық дипломат Давид Апциаури мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда референдумдар ауқымды реформаларды заңдастырудың негізгі құралына айналған.
Сарапшының сөзінше, қарапайым сайлаудан айырмашылығы, конституциялық референдумдар азаматтарға мемлекеттің құрылымын анықтауға тікелей қатысуға мүмкіндік береді.
«Референдум – қоғамға саяси жүйені қалыптастыруға тікелей қатысу мүмкіндігін беретін құрал», – деді Апциаури.
Ол 2026 жылғы 15 наурызда Қазақстанда өткен референдум халықаралық тәжірибеге сай екенін атап өтті.
Мәселен, әлемде 1990–2021 жылдар аралығында 1500-ден астам референдум өткізілген. Олар көбіне саяси жаңғырту кезеңдерінде өтеді:
– Францияда (1962) президентті тікелей сайлау енгізілді,
– Түркияда (2017) басқару жүйесі өзгерді,
– Чилиде конституциялық реформалар халық талқылауына шығарылды.
Сарапшының пікірінше, Қазақстан да осы үрдісті ұстана отырып, реформаларды халықтың тікелей қатысуымен бекітті.
Сондай-ақ ол Конституциялық комиссияның құрылуы – халықаралық стандарттарға сай қадам екенін атап өтті. Оның құрамына мемлекеттік органдар, парламент, сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдері кірген.
Апциаури қорытындысында референдум елдегі реформалардың демократиялық легитимдігін күшейткенін айтты.
«Қазақстан азаматтарға жаңа модельді өзі таңдауға мүмкіндік беріп, мемлекеттің болашағын халық айқындайтынын нақты көрсетті», – деді сарапшы.
