"Бизнес табыс табу үшін емес, аман қалу үшін күресіп жатыр" - кәсіпкер

Көркем Алдабергенова 27 февр. 2026 16:24

Кәсіпкер Гүлбану Майғарина жеңілдетілген салық режимі бойынша бизнеске түсіп отырған жүктемеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, қолданыстағы жүйе бойынша кәсіпкерлер алдымен салық төлеп, содан кейін ғана таза пайдаға қол жеткізеді.

"Жеңілдетілген салық режимінде біз әуелі салықты төлейміз, содан кейін ғана таза табысымыз қалады. Жүйе дәл осылай жұмыс істейді. Бүгін табысымыз бар ма, жоқ па - соған қарамастан, біз салық төлеуге міндеттіміз", - деді ол.

Осыған байланысты Майғарина уәкілетті органдарды Салық кодексіндегі өзгерістерге мұқият қарауға шақырды.

"Сондықтан баршаға үлкен өтініш - Салық кодексінде болып жатқанның бәрін қайта қарап шығу қажет", - деп атап өтті кәсіпкер.

Сонымен қатар ол кәсіпкерлердің өздеріне де үндеу жасады. Майғаринаның айтуынша, қазіргі жағдайда бизнесті эмоциямен емес, нақты есеп пен дерекке сүйеніп жүргізу аса маңызды.

"Екінші үлкен өтінішім - біздің кәсіпкерлерге, бизнес өкілдеріне. Шынымен отырып, жүйелі, дұрыс бизнес құру керек. Негізгі, мықты шешімдерді де, маркетингке, кадр қабылдауға қатысты шешімдерді де тек цифрларға сүйеніп қабылдау қажет. Бүгін эмоцияға орын жоқ. Әйтпесе шағын және орта бизнес үшін құлдырау сөзсіз", - деді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, кадр қысқарту үрдісі қазірдің өзінде байқалып отыр.

"Иә, бүгін біздің желінің өзінде қызметкер шамамен 25 пайызға қысқарды. Бұл тек біздегі ғана жағдай емес. Мен бұлай деп ойламаймын, мен мұны нақты білемін - дәл осы салада жұмыс істеп отырған кәсіпкерлердің барлығында дерлік жағдай осы", - деп түйіндеді Гүлбану Майғарина.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove