Қазақстанда оқушыларға арналған жаңа оқулықтар шығарылады

Сағыныш Сардарова 18 нау. 2026 10:57

2027 жылы 1 және 5-сыныптарға арналған жаңа оқулықтар шығару, 10-11-сыныптарға арналған оқулықтарды өзектендіру жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министр 2026 жылы 3, 4, 7, 8 және 9-сыныптарға арналған оқулықтар жаңартылатынын атап өтті. 2027 жылы 1 және 5-сыныптарға арналған жаңа оқулықтар шығару, карталарды, тарихи және әкімшілік материалдарды толық ауыстыра отырып, 10-11-сыныптардың оқулықтарын өзектендіру жоспарланып отыр. Ал 2028 жылы 2 және 6-сыныптарға арналған жаңа оқулықтар шығарылмақ.

"Дәл осы тәсіл оқушылардың сапалы дайындығын қамтамасыз етуге, олардың аналитикалық және ғылыми ойлауын дамытуға, сондай-ақ, қазіргі экономикада сұранысқа ие құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осылайша білім беру жүйесі Мемлекет басшысының алға қойған жаһандық ғылыми-технологиялық өзгерістер жағдайында лайықты бәсекелесе алатын технологиялық ұлт қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндетін дәйекті түрде жүзеге асырады", - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Тәрбие жұмысы 5-9-сыныптарды қамтитын "Адал Азамат" бірыңғай бағдарламасын, "Конституция негіздері", "Заң мен тәртіп" курстарын, экологиялық білім беруді енгізу арқылы күшейтіледі, бұл азаматтық жауапкершілікті, патриотизмді, әлеуметтік және экологиялық құзыреттерді қалыптастырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove