Жол құрылысы материалдарының сапасын бақылау – жолдың ұзақ мерзім қызмет етуінің негізгі кепілі. Осы мақсатта «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Алматы қалалық филиалының инженерлері асфальтбетон зауытында тексеру жұмыстарын жүргізіп, жол құрылысына пайдаланылатын материалдардан сынама алды, деп хабарлайды Dalanews.kz
Мамандар асфальт қоспасының құрамы мен сапалық көрсеткіштерінің белгіленген талаптарға сәйкестігін анықтау үшін бірнеше үлгі жинады. Алынған сынамалар арнайы зертханаға жіберіліп, онда физика-механикалық көрсеткіштері бойынша кешенді сараптамадан өтеді. Зертханалық тексеріс нәтижесінде материалдардың беріктігі, температуралық төзімділігі және жол төсеміне жарамдылығы анықталады.
Алматы қалалық филиалының инженері Дәурен Қажмұқановтың айтуынша, мұндай бақылау жұмыстары жол сапасын қамтамасыз етуде аса маңызды рөл атқарады.
«Жол құрылысына қолданылатын материалдардың сапасы талапқа сай болуы керек. Егер асфальт қоспасы стандарттарға сәйкес келмесе, жолдың қызмет ету мерзімі қысқарып, түрлі ақаулар пайда болуы мүмкін. Сондықтан біз зауыттан алынған сынамаларды зертханалық тексеруден өткізіп, олардың нормативтік талаптарға сәйкестігін мұқият бақылаймыз», – деді Дәурен Қажмұқанов.
Мамандардың айтуынша, зертханалық бақылау жол құрылысы кезінде сапасыз материалдарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жолдардың қауіпсіздігі мен ұзақ мерзімділігін арттыруға ықпал етеді.
