Журналист Назерке Шакирбаева қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын әрі қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың соңғы аманатына қатысты жазба жариялады. Онда ақынның тірі кезіндегі өтініші мен оны орындау мәселесі сөз болады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Автор қоғамға үндеу жасады.
«Құрметті Мұхтар Шахановты жоқтап, отбасына көңіл айтып жатқан барша қауым! Сіздерден Мұхтар атамыздың соңғы аманатын орындауға көмек сұраймыз».
Жазбада марқұмның соңғы тілегі нақты көрсетілген. Автордың айтуынша, ақын туған топырағына жерленуді қалаған.
«Мұхтар Шахановтың тірі кезіндегі соңғы аманаты – өз ата-бабасының мекені Отырарда, Арыстан баб кесенесінің маңына жерлеу еді».
Бұл тілектің жай ғана жеке өтініш емес екені де атап өтіледі. Автор мұны халыққа аманат ретінде бағалайды.
«Бұл жай ғана тілек емес, елінің ары, намысы бола білген рухты ақынның халқына тілек аманаты».
Назерке Шакирбаеваның мәліметінше, ақын ауыр хәлде жатқан сәттен бастап жары Ханшайым Шаханова Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдаған. Онда ақынның соңғы аманаты нақты жеткізілген.
Журналист кеше қаралы хабар жеткенін айтып, бұл мәселенің өзектілігі артқанын жеткізеді.
«Енді міне, бүгін Мұхтар Шаханов дүниеден өтті. Бір дәуір келмеске кетті. Тірісінде «Шындық биігінде жолығайық» деуден танбаған қайраткер ақынның соңғы аманатын орындау – бізге парыз».
Сонымен қатар жазбада Өзбекәлі Жәнібеков жатқан қорым туралы да айтылады. Автор ақынның сол маңда жерленуінің тарихи әрі рухани негізі бар екенін атап өтеді. Оның сөзінше, Мұхтар Шаханов пен Өзбекәлі Жәнібеков ұлттық руханият жолында бірге еңбек еткен тұлғалар.
Назерке Шакирбаева бұл мәселенің ауқымы кең екенін ерекше атап өтеді.
«Бұл – бір отбасының, зиялы қауымның ғана мәселесі емес, тұтас бір қазақ деген ұлттың өз тұлғасына деген құрметінің көрінісі болмақ!»
Сондай-ақ жазбада хаттың 2026 жылғы 15 сәуірде Е-Өтініш жүйесі арқылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігіне жолданғаны көрсетілген.
Айта кетейік, 20 сәуірге қараған түні Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шаханов 84 жасына қараған шағында өмірден өтті.
