Алмасбек Садырбай ісі бойынша сот процесі басталды

Көркем Алдабергенова 20 сәу. 2026 10:39

Алмасбек Садырбай ісі бойынша сот процесі басталды. Белсенді қамаудағы жағдайға шағымданды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Журналист Вадим Борейко қоғам белсендісі, «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алмасбек Садырбай қатысты сот отырысы басталғанын хабарлады.

Оның айтуынша, белсенді өзіне хат жолдаған. Хаттың шынайы авторы Алмасбек Садырбай екені адвокат Анар Құсайынова арқылы расталған – ол жазуды таныған.

Жолданған хатта белсенді Алматыдағы №72 тергеу изоляторының жағдайына шағым білдірген. Атап айтқанда, тамақтың сапасы мен жеткіліктілігіне, айыпталушылардың күнделікті серуенге уақытылы шығарылмайтынына, сондай-ақ шахмат пен шашки секілді үстел ойындарын пайдалануға рұқсат берілмейтініне наразылық айтылған.

Осы жағдайларға байланысты Алмасбек Садырбай аштық жариялайтынын мәлімдеген.

Еске салайық, іс бойынша тергеу былтыр 6 қарашада аяқталған болатын.

Ал 2024 жылдың 6 қарашасында Қаржы мониторингі агенттігі «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алмасбек Садырбайға қатысты мәлімдеме таратқан болатын.

Онда ол 1,2 млрд теңге көлеміндегі ауыл шаруашылығы субсидияларын жымқырды және алаяқтық жасады деген күдікке ілінгені хабарланған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove