Семейде кір жуғыш машинаға киіммен бірге мысықтың күшігі түсіп кеткен, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жантүршігерлік оқиға 18 сәуір күні кешке болды. Бұл туралы жануардың иесінің өзі әлеуметтік желіде видео жариялап, өзгелерді осындай қателіктен сақтандырғысы келгенін айтқан.
Әйелдің сөзінше, мысықтың баласын кір жуғыш машинаның барабанына оның кішкентай баласы салып қойған. Ал өзі оны байқамай, машинаны бір сағатқа қосып жіберген.
Бұл оқиға қазнетте тез тарап, әлеуметтік желі қолданушылары семейлік әйелді жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін жауапқа тартуды және одан басқа мысықтарын тартып алуды талап ете бастаған.
Полиция департаментінің мәліметінше, бұл жағдай абайсызда болған.
«Аталған факті бойынша 2026 жылғы 19 сәуірде үй жануарының иесі жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы ҚР заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес оған 10 АЕК (43 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды», - делінген хабарламада.
Абай облысы полиция департаменті жануарларға жауапкершілікпен қарау талаптарын сақтау әр азаматтың міндеті екенін еске салды. Жануарларға қатысты кез келген заңсыз әрекет үшін жауапкершілік қарастырылған.
