Алматыда көлік салығы бойынша берешегі бар жүргізушілерге қатысты рейдтік шаралар басталды, деп хабарлайды Dala News.
Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, шаралар қала әкімінің көлеңкелі экономиканы азайту және бюджет түсімдерін арттыру жоспары аясында жүргізілуде. Рейдтерге полиция департаменті мен жеке сот орындаушылар палатасы да қатысып жатыр.
«Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында қарызы бар көліктер «Сергек» камералары арқылы анықталады. Мұндай көліктер берешек толық өтелгенге дейін айып тұрағына қойылады.
Қазіргі таңда Алматыда көлік салығы бойынша берешек 85 мыңнан астам салық төлеушіге тиесілі және жалпы сомасы 7 млрд теңгеден асады. Ведомствоның мәліметінше, қарыздың басым бөлігі қозғалтқыш көлемі 4000 текше сантиметрден асатын көліктерге тиесілі.
Құзырлы орган жүргізушілерді қосымша шығындар мен айып тұрағына қоюдың алдын алу үшін берешектерін уақытында өтеуге шақырды. Рейдтік жұмыстар жалғасуда.
