Қазақстанда жаңа пәтерге бастапқы жарна жинау уақыты қалаға байланысты шамамен 1,5 жылдан 5 жылға дейін созылуы мүмкін. Орта есеппен ел бойынша бұл мерзім 3 жыл 8 ай, алайда өңірлер арасында айырмашылық айтарлықтай, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мысалы, Жезқазған мен Ақтау қалаларында бастапқы жарнаны екі жылға жетер-жетпес уақытта жинауға болады. Ал Шымкент, Тараз және Түркістан тұрғындарына бұл үшін шамамен бес жыл қажет.
Есептеулер ірі қалалар бойынша 60 шаршы метрлік пәтердің 30% бастапқы жарнасын жинауға кететін уақытқа негізделген. Бағалау кезінде орташа жалақы, БЖЗҚ мен әлеуметтік төлемдер, салықтар, күнкөріс деңгейі және жаңа тұрғын үйдің орташа бағасы ескерілген. Бұл ретте жинақтың табыстылығы мен отбасы мүшелерінің саны есепке алынбаған.
Сонымен қатар, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан Ұлттық банкі ипотека мөлшерлемесін бастапқы жарна көлеміне байланыстыруды жоспарлап отыр. Егер бастапқы жарна 30%-дан төмен болса, мөлшерлеме шамамен 25%-ға дейін жетуі мүмкін. Ал 30% және одан жоғары болса, пайыздық мөлшерлеме төмен болады.
