Журналист Жарылқап Қалыбай ақын Мұхтар Шахановтың ақырғы аманатына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, ақын көзі тірісінде Арыстан баб кесенесінің аумағына Өзбекәлі Жәнібековтің жанына жерленгісі келетінін айтқан. Алайда қазіргі шешім бойынша, Шаханов Қоғам ауылдық зиратына қойылмақ.
"Қоғам деген ауыл бар. Ол жерде Көпен Әмірбек жатыр. Қазақ тілі қоғамын басқарған Өмірзақ Айтбаев ағамыз жатыр. Шахановты сол Қоғамға жерлемекші болып, шешім шығарып қойды. Ол 4-5 км қашықтықта. Жұрт Арыстан бабқа келеді де, сол жерден қайтып кетеді. Олар ауылдың бір шетіне бармайды. Біз сияқты білетін адамдар болмаса, көпшілік бармайды", - дейді Жарылқап Қалыбай.
Жарылқап Қалыбайдың пікірінше, мұндай шешім ақын аманатына қайшы келуі мүмкін. Ол Шахановтың негізгі мақсаты — қасиетті орынға келетін адамдардың жол-жөнекей өзіне де құран бағыштап, тағзым етуі болғанын атап өтті.
«Арыстан бабқа келген жұрт қайырылып, маған да құран оқыса екен деген ниет болды. Ауылдың шетіне жерлеу – аманатқа қиянат», – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін ақынның жары Ханшайым Шаханова Қазақстан Президенті әкімшілігіне хат жолдап, Шахановты тікелей Арыстан баб кесенесінің аумағына жерлеуді сұраған. Ол бұл өтінішті ақынның соңғы тілегімен байланыстырған.
Дегенмен, кейінірек ақынның кесене аумағына емес, Қоғам ауылдық зиратына жерленетін болды. Бұл шешім қоғамда қызу талқыланып, сынға ұшырап жатыр. Сын айтушылардың көпшілігі ақынның аманаты толық орындалмай отыр деген пікірде.
Бүгін алаштың аяулы ақынының жаназа намазы Отырардағы туған ауылында оқылып, денесі ауыл маңындағы бейітке жерленді.
