Қызылорда облысында мемлекеттік мекеме қызметкерлері ұйымдастырған бюджет қаражатын ұзақ жыл бойы жымқыру схемасы әшкереленді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ауылдық клубтың бухгалтері мекеме директорымен бірлесіп, қызметтік өкілеттігін пайдалану арқылы 10 жылдай уақыт бойы бюджет қаражатын жымқырып келген.
Қылмыстық әрекет жұмысшыларға жалақыны артық мөлшерде аударып, кейін түрлі сылтаумен (қате есептеу, шот бұғатталуы және т.б.) сол қаражатты кері қайтарып алу арқылы жүзеге асырылған. Қызметкерлердің көпшілігі басшылықтың заңсыз әрекетінен бейхабар болған.
Күдіктілер 36 млн теңге жымқырған, сол үшін сот оларға 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Сот бухгалтерге "Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заңына байланысты жазаның 1/3 бөлігін қысқартып, 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын белгілеген. Алайда сот актілерінің заңдылығын тексеру барысында рақымшылық туралы заң дұрыс қолданылмағаны анықталған.
Осылайша қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот апелляциялық инстанцияның қаулысын өзгертті. Бухгалтердің жаза мөлшері 5 жыл 7 айға ұлғайтылды.
