Шымкент қалалық әкімшілік соты Руслан Жанпейісовқа қатысты қозғалған әкімшілік істі тоқтатты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ол бұған дейін «полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбады, қоғамдық тәртіпті бұзды және құқық қорғау органдарына құрметсіздік танытты» деген айыппен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қамауға алынған еді.
Судья істі қарай келе, Жанпейісовтің әрекеттерінде құқық бұзушылық құрамы жоқ деген қорытындыға келген.
Сондай-ақ әкімшілік хаттама толтырған инспекторға қатысты жеке қаулы шығарылды.
Іс материалдарына сәйкес, Жанпейісовке қатысты 10 полиция қызметкері рапорт жазған.
Оқиға 22 сәуірге қараған түні болған. Руслан Жанпейісов Бәйдібек би даңғылында рейд жүргізіп жүрген Қызылордадан келген полиция қызметкерлеріне жақындап, олардың әрекетін видеоға түсіріп, өз пікірін айтқан.
Көп ұзамай полиция қызметкерлері оны жұмыс орнында ұстап әкеткен.
Сонымен қатар, оны қамауға алу туралы құжаттар тергеу изоляторына жеткізілгеннен кейін ғана рәсімделгені белгілі болды.
Руслан Жанпейісов ешқандай заң бұзбағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, керісінше, полиция қызметкерлері оның құқықтарын шектеген.
