Италия билігі Ресей елшісін наразылық белгісі ретінде шақыртты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьёвтің ел премьер-министрі Джорджия Мелониге қатысты айтқан ауыр сөздері себеп болған. Бұл туралы Италияның сыртқы істер министрі Антонио Таяни мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, ресейлік телеарна эфирінде Владимир Соловьёв Джорджия Мелониге бағытталған өрескел пікір айтқан.
Эфирдің бір бөлігінде ол итальян тілінде балағат сөздер қолданып, премьер-министрді түрлі ауыр сөздермен қорлаған. Сонымен қатар, Джорджия Мелониді қатаң сынға алып, оны сайлаушыларын алдады деп айыптаған.
Рим бұл жағдайды дипломатиялық әдепке қайшы деп бағалап, ресми түрде наразылық білдірген.