Маңғыстау облысында дала аумағы пластик қалдықтарымен ластанғаны түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыланды, деп хабарлайды Dala News.
Кадрларды блогер Азамат Сәрсенбаев жариялаған. Видеода өндірістік аймақ фонында әлсіреген түйе қоқысқа толы дала арқылы жүріп бара жатқанын көруге болады.
Желі қолданушылары кадрлардың шынайылығына күмән келтіріп, бұл жасанды интеллект көмегімен жасалған болуы мүмкін деген болжам айтқан. Алайда видео авторы түсірілімнің рас екенін растаған.
Блогердің айтуынша, видео 21 сәуір күні таңертең түсірілген. Ал бір күн бұрын қоқыс полигонында өрт болған. Сол өрттен кейін жел арқылы пластик қалдықтар далаға тарап кеткен.
Түсірілім орны Ақтау қаласынан шамамен 20 шақырым жердегі Баянды ауылы маңында орналасқан.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, жағдайға дәл осы полигондағы өрт себеп болған. Өртті сөндіру кезінде және қатты желдің әсерінен жеңіл қалдықтар, соның ішінде пластик, қағаз және пленка полигоннан тыс жерлерге ұшып кеткен.
Ведомство өкілдері 18 сәуірде бұл аумақта сенбілік ұйымдастырылып, тазалау жұмыстары жүргізілгенін хабарлады.
«Жұмыстар күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр. Қысқа мерзімде толық аяқтау жоспарлануда. Қорытындысы бойынша қосымша фотоесеп ұсынылады. Жағдай тұрақты бақылауда», – деп мәлімдеді басқарма.
Әкімдік бұл жағдай уақытша екенін және бақылаусыздыққа байланысты емес екенін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылы осы өңірдегі жауапты компаниялардың бірі экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 3,6 млн теңгеге айыппұл арқалаған.
