Алматыда түнгі уақытта жүргізушілерді жаппай тексеру күшейтіліп, қала жолдарында арнайы «фильтрациялық бекеттер» орнатылды, деп хабарлайды Dala News.
Жаңа формат бойынша ірі магистральдарда жол тарылтылып, көлік қозғалысы баяулатылады. Осыдан кейін инспекторлар жүргізушілерді таңдап тоқтатып, тексеріс жүргізеді. Оның ішінде мас күйін анықтау да бар.
Мұндай учаскелердің бірі Шығыс айналма автомобиль жолында (ВОАД) жұмыс істеген. Онда жылдамдық 40–60 км/сағ дейін төмендетіліп, жолдың тарылатыны алдын ала ескертілген.
Полиция мәліметінше, небәрі бес күн ішінде 9 820 құқықбұзушылық анықталған. Оның ішінде:
– 43 жүргізуші мас күйде болған
– 78 адам жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған
– 12 жүргізуші бұрын құқығынан айырылса да, қайта рульге отырған
Сондай-ақ 14 жалған нөмір қолдану фактісі және қарсы бағытқа шығудың ондаған дерегі тіркелген.
Құқық қорғау органдары мұндай шаралар жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
