Ақтөбеде үш апта бұрын жоғалып кеткен он жасар бала әлі табылмады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сарыжар ауылының 10 жастағы тұрғыны Мансұр Саматов 29 наурыз күні жоғалып кеткен. Сол күні шамамен сағат 14:30-да ол үйінен шығып, балалармен ойнауға кеткен.
Кейін балалар ауылдан 5 шақырым жердегі Илек өзеніне барғаны белгілі болды. Сол жерде бала тайып кетіп, суға құлаған, деп жазады «Диапазон».
Содан бері Мансұрды іздеуге жүздеген құтқарушы мен ерікті жұмылдырылған, алайда ол әлі табылған жоқ.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, іздеу жұмыстарына ТЖД қызметкерлері, 20982 әскери бөлімінің сарбаздары, полиция, еріктілер және жергілікті тұрғындар қатысып жатыр. Қазір іздеуге 110 адам жұмылдырылған. Олардың қатарында құтқарушылар, сүңгуірлер, кинологтар (иттермен), медицина қызметкерлері бар. Сонымен қатар қайықтар мен алты дронды қоса алғанда, түрлі техника қолданылуда.
Сүңгуірлер күн сайын 30–35 шақырым су айдынын тексереді. Қайықтармен өзеннің 25–30 шақырымы қаралады. Жаяу топтар 15–20 шақырым аумақты шолып шығады. Дрондар 10–15 шақырым жерді әуеден бақылайды, эхолокатор да қолданылып жатыр.
Іздеу жұмыстары өзен ағысының қатты болуына, судың лайлығына және өсімдіктің қалыңдығына байланысты қиындық туғызуда. Соған қарамастан, іздеу тәулік бойы тоқтаусыз жалғасып жатыр.
