Қазақстанда 170 мыңға жуық азамат банкрот деп танылды

Қаракөз Амантай 15 сәу. 2026 13:02

Бүгінде Қазақстанда шамамен 170 мың азаматқа банкроттық рәсімі қолданылған. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, қаржылай қиындыққа тап болып, төлем қабілетін қалпына келтіруге мұқтаж азаматтардың саны бұдан әлдеқайда көп. Қазіргі таңда 500 мыңнан астам адамның несие төлеу мерзімі екі жылдан бес жылға дейін кешіктірілген.

"Қарызын өтей алмай жүрген азаматтардың банкроттық рәсіміне жүгінуге заңды құқығы бар. Алайда заңдағы кейбір шектеулер бұл процесті қиындатып отыр", - деді Мәдина Әбілқасымова.

Мәселен, банкрот деп танылған азаматқа бес жыл бойы несие рәсімдеуге тыйым салынады. Бұдан бөлек, рәсімнен өту үшін оның меншігінде мүлкі болмауы және табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен аспауы қажет.

Мәдина Әбілқасымова бұл мәселені жеңілдету үшін былтыр заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізілгенін айтты. Атап айтқанда, берешегі ұзақ уақыт өтелмеген азаматтарға қатысты мүлік пен табысқа қойылатын талаптарды жұмсарту тетіктері қарастырылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove