Жетісу университетінде мазмұнды рухани кездесу ұйымдастырылды

Ақтоты Жапатова 16 сәу. 2026 10:59

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Заң мен тәртіп қағидасы аясында «Кино мен театрдағы заң бейнесі: қоғам айнасы» атты мазмұнды кездесу өтті. Танымдық іс-шараға Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Гүлжамал Қазақбаева, сондай-ақ Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актеры, әнші Мақсат Рахмет арнайы қонақ ретінде қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кездесу барысында кино мен театр өнеріндегі заң тақырыбының көрінісі, оның қоғамға әсері, әділдік пен құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы рөлі кеңінен айтылды. Қонақтар өздерінің шығармашылық жолындағы тәжірибелерімен бөлісіп, өнер арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді жеткізудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, сахна мен экрандағы кейіпкерлер бейнесі арқылы заң мен тәртіптің мәнін ашу жолдары туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

Студенттер тарапынан қойылған сұрақтар қонақтардың ашық әрі терең жауаптарымен жалғасын тауып, еркін пікір алмасу алаңына ұласты. Жастар көкейіндегі көптеген сұрақтарының жауабын тауып, кәсіби бағыт-бағдар жөнінде пайдалы кеңестер алды. Кездесу барысында қонақтар шынайы әрі әсерлі сұхбат құрып, қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлады.

Іс-шара соңында Мақсат Рахмет әсем ән орындап, кештің көркін қыздыра түсті. Кездесу жоғары деңгейде ұйымдастырылып, студенттер үшін тағылымы мол, әсерлі әрі есте қаларлықтай шара болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove