Депутат Жаңбыршин сотта жеңді: ЛГБТ белсендісінің арызы қанағаттандырылмады

Қаракөз Амантай 31 нау. 2026 09:38

Мәжіліс депутаты Еділ Жанбыршинге қатысты қозғалған азаматтық іс бойынша сот шешім шығарды. Даулы жағдай былтыр тамыз айында депутаттың әлеуметтік желідегі пікірінен кейін туындаған еді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Tengrinews.kz мәліметінше, сот талап қоюшы Виталий Шевченконың арызын қанағаттандырмады. Яғни, депутаттың жариялаған сөздері қорлау немесе ар-намысқа нұқсан келтіру деп танылмады. Сондықтан одан көпшілік алдында кешірім сұрату туралы талап та негізсіз деп шешілді.

Судья Айгүл Аяпбергенованың айтуынша, сараптама қорытындысында депутаттың сөздерінен нақты дерекке негізделген, беделге нұқсан келтіретін мәліметтер анықталмаған.

"Бұл пікірлер бағалау сипатындағы тұжырым болып саналады", – деді ол.

Сондай-ақ сот шешімімен талап қоюшы сараптама шығындарын өтеуге міндеттелді. Бұл сома 131 403 теңгені құрайды.

Сот өкілдері бұл істе тек заң талаптарының сақталуын қарастырғанын атап өтті. Ал депутаттың сөзінің этикаға сәйкестігін бағалау сот құзыретіне кірмейді. Мұндай мәселелер тиісті органдар мен Парламент деңгейінде қаралуы тиіс.

Белсенді депутатты не үшін сотқа берді?

Бұған дейін ЛГБТ құқықтарын қорғаумен айналысатын белсенді Виталий Шевченко депутаттың әлеуметтік желіде айтқан сөзі ар-намысы мен қадір-қасиетіне, сондай-ақ іскерлік беделіне нұқсан келтіргенін алға тартқан еді.

Шевченконың түсіндіруінше, дау депутатпен әлеуметтік желідегі пікірталас барысында туындаған. Ол бұл талқылауда гомофобия салдарынан мектеп жасында көрген буллинг тәжірибесі туралы жазған. Алайда депутат оған “не кукарекать” деп жауап берген.

Белсендінің пікірінше, бұл тіркес ЛГБТ өкіліне қатысты қолданылған жағдайда қорлайтын, кемсітуші және гомофобиялық сипатқа ие, себебі ол белгілі бір әлеуметтік контексте адамның қадір-қасиетін төмендетуге бағытталған.

“Мен ешкімді балағаттаған жоқпын, арандатқан да емеспін. Тек өз өмірімде бастан өткерген жайттарды айттым. Ал маған жауап ретінде қорлайтын сөз қолданылды”, - дейді Виталий Шевченко.

Оның айтуынша, бұл жағдай тек жеке дау емес, жария тұлғалардың сөз жауапкершілігіне қатысты мәселе. Шевченко мемлекеттік қызметте жүрген адамның мұндай сөз айтуы қоғамда кемсітушілікті күшейтуі мүмкін деп есептейді.

Осыған байланысты ол соттан депутаттың мәлімдемесін ар-намысына тиетін, қорлайтын деп тануды және көпшілік алдында кешірім сұрауды талап етпек.

Мәжілістің ұстанымы және сотқа дейінгі кезең

Сотқа жүгінер алдында Виталий Шевченко Мәжіліске ресми шағым түсірген. Алайда жауапта депутаттың әрекеттері үшін жауапкершілікке тартуға негіз жоқ екені көрсетілген. Мәжіліс депутаттың мәлімдемесін жеке көзқарас ретінде бағалаған.

Сонымен бірге Мәжіліс төрағасының жанындағы депутаттық этика жөніндегі кеңестің төрағасы Бақытқожа Ізмұхамбетов өтініш иесіне бұл шешіммен келіспеген жағдайда сотқа жүгінуге болатынын хабарлаған.

Осыдан кейін Шевченко Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына талап-арыз берген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove