Атырау МӨЗ-і 520 млн теңгеге айыппұл арқалады

Самал Асқар 31 нау. 2026 19:01

Атырау мұнай өңдеу зауыты тұрғындардың шағымынан кейін 520 млн теңге көлемінде айыппұл төледі, деп хабарлайды Dala News.

Экология комитетінің мәліметінше, тексеріс барысында кәсіпорын бірқатар заңбұзушылықтарға жол берген. Атап айтқанда, зиянды заттардың шығарындылары нормадан асып кеткен, апатты жағдай туралы уақтылы хабар берілмеген және ағын сулар заңсыз төгілген.

Тексеріс тұрғындардың қаңтар айындағы жаппай шағымынан кейін жүргізілген. Қала мен маңайдағы елді мекендерде күкірттің өткір иісі тарағаны айтылған.

Өлшеу нәтижелері жағдайдың күрделі болғанын көрсетті. Мәселен, Химпосёлок ауданында күкіртсутек деңгейі нормадан 36 есе жоғары тіркелген. Тасқала ауылында бұл көрсеткіш 17,5 есе, ал жақын аумақтарда 15 есе асқан.

Мамандардың айтуынша, тексеріс кезінде жел зауыттан тұрғын аймақтарға қарай соғып, жоғары ылғалдылық иістің таралуын күшейткен.

Сот шешімімен зауытқа үш әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 520 млн теңге айыппұл салынды.

Алайда кәсіпорын тексеріс нәтижелерімен келіспей, шешімді қайта қарауды сұрап, жоғары тұрған органға жүгінген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove