Белгілі заңгер Мейірман Шекеев қоғам белсендісі, блогер әрі заңгер Әділетхан Молдаханның ұсталуына байланысты мәлімдеме жасап, оған тағылған айыптар туралы айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мейірман Шекеевтің айтуынша, Әділетхан Молдаханға Қылмыстық кодекстің 174-бабы және 274-бабы бойынша айып тағылған.
“Маған бүгін белгілі болған мәліметке сәйкес, Әділетханға 174-бап, яғни араздықты қоздыру, және 274-бап - жалған ақпарат тарату бойынша іс қозғалған”, - дейді заңгер.
Ол 174-бапқа қатысты нақты ақпарат бере алмайтынын атап өтті. Заңгердің пікірінше, 274-бап бойынша іс жол-көлік оқиғасына байланысты айтылған мәлімдемелерден кейін қозғалған болуы мүмкін.
“Менің пайымдауымша, жол-көлік оқиғасына қатысты бірнеше адамның аты аталды. Солардың бірі арыз жазып, осы бап бойынша іс қозғалған болуы ықтимал”, - деді Шекеев.
Сонымен қатар ол қазіргі таңда Әділетхан Молдаханның адвокаттары мен жақындары бұл іспен айналысып жатқанын жеткізді.
Заңгер қоғамдағы алаңдаушылықты атап өтіп, жаңа мәліметтер пайда болған жағдайда оларды жариялауға дайын екенін айтты.
