Танкерге шабуыл мұнай бағасын күрт өсірді

Самал Асқар 31 нау. 2026 21:18

Кувейт ақпарат агенттігі ірі мұнай танкеріне шабуыл жасалғанын хабарлағаннан кейін мұнай бағасы күрт көтерілді, деп хабарлайды Dala News.

Сыйымдылығы шамамен 2 млн баррель болатын танкердің құны қазіргі бағамен 200 млн доллардан асады. Кеме иесі Kuwait Petroleum Corp. компаниясы зақым көлемін бағалау жүріп жатқанын және мұнай төгілу қаупі бар екенін мәлімдеді.

Кейін Дубай билігі танкердегі өрт бақылауға алынғанын хабарлап, зардап шеккендер жоқ екенін жеткізді.

Оқиға аясында Таяу Шығыста жағдай ушығып отыр. Аймақта АҚШ әскерінің күшейтілуі жалғасуда, ал Иранмен байланысты хуситтер Израильге зымырандар мен дрондармен соққы жасаған.

Сондай-ақ Түркия Ираннан ұшырылған баллистикалық зымыранның ел әуе кеңістігіне кіргенін, кейін НАТО жүйелері арқылы жойылғанын мәлімдеді.

Ақ үй өкілі Кэролайн Левиттің айтуынша, Дональд Трамп 6 сәуірге дейін Иранмен келісімге келуді көздеген. Келісім болмаса, Иранның энергетикалық нысандарына соққы жасалуы мүмкін екені айтылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove