Әлеуметтік желіде Атырау облысының Жылыой ауданында көзге түскен әскери техника қызу талқыланып жатыр. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасап, жағдайдың мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әлеуметтік желілерде теміржол және автожол арқылы қозғалып жатқан әскери техниканың видеосы мен фотосы кеңінен тарады. Бұл көрініс көпшілік арасында түрлі болжамның туындауына себеп болды.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, аталған қозғалыс жоспардан тыс емес. Ведомство өкілдері бұл әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелерінің жауынгерлік даярлық аясындағы жоспарлы орын ауыстыруы екенін атап өтті.
Ресми хабарламада бөлімшелердің мобильділігін арттыру, өзара үйлесімділігін жетілдіру және қойылған міндеттерді орындауға дайындық деңгейін күшейту жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылған. Сондай-ақ маңызды нысандар мен аумақтарды қорғау мәселелері де пысықталып жатыр.
Министрлік мұндай оқу-жаттығулар Қарулы Күштердің күнделікті тәжірибесіне жататынын және бекітілген жоспарға сәйкес өтетінін мәлімдеді.
Қорғаныс министрлігі тұрғындарды және БАҚ өкілдерін тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырып, тек ресми дереккөздерге сүйену қажеттігін ескертті.
