Қазақстанның бүгінгі инвестициялық ахуалы қандай? Миллиардтаған қаражат қай салаларға бағытталып, қандай ірі жобалар ел экономикасын түлетіп жатыр? Бұл сауалдарға “PureWood” ЖШС жетекшісі, инвесторлар құқығын қорғаушы Дархан Кәрібаев Қостанай облысының тәжірибесі негізінде жауап берді. Әулиекөл ауданындағы ағаш өңдеу зауытын басқарып отырған сарапшы Dalanews.kz редакциясына өңірде инвесторларға көрсетілетін қолдау тетіктері мен жүзеге асып жатқан ірі өндірістік жобалар туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Өнеркәсіпке бет бұрған өңір
Кәрібаевтың сөзінше, Қостанай облысы кейінгі жылдары өнеркәсіп пен өңдеу саласына басымдық беріп, инвесторлар үшін нақты мүмкіндіктер алаңына айналған. Өңірде зауыттар мен өндіріс орындары белсенді дамып, шетелдік капитал тарту арқылы ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр.
“Қостанай өңірінде астық және өнеркәсіптік саласы қарқынды дамып келеді. Облыс құрамындағы 16 аудан мен 4 қалада түрлі бағыттағы үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтсам, әр аудан, әр қалада зауыттар мен фабрикалар, өндіріс орындары іске қосылып, кәсіптік бағыттар қалыптасып жатыр. Бұлардың басым бөлігі отандық және шетелдік инвесторларды тарту арқылы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда”, - дейді ол.
Сарапшы Әулиекөл ауданында жүзеге асырылып жатқан ағаш өңдеу зауыты соның бір дәлелі екенін атап өтті. 2022 жылғы орман өрті салдарынан бүлінген аумақты тиімді игеру мақсатында қолға алынған бұл жобаға шетелдік инвесторлар тартылған.
“Бұл ретте облыс әкімі инвестиция тарту штабының отырысында инвесторларды жұмылдыра отырып, ағаш өңдеу зауытын салу жөнінде тапсырма берген. Осы бастама аясында біз аталған жобаны жүзеге асыруға ұсыныс білдіріп, ол қолдау тапқаннан кейін іске кірістік.
2025 жылдың басында облыс басшылығы және Әулиекөл ауданының әкімі Жансұлтан Қоңыртайұлымен өткен кездесуде жобаны жүзеге асыру барысы мен өндірілетін өнім түрлері талқыланып, нақты келісімдер жасалып, уағдаластық”, - деп қосты ол.
Сондай-ақ қазіргі таңда Қытай Халық Республикасының “Central Asian Huachuang Investment Co., Ltd” компаниясымен бірлесіп серіктестік орнатылып, зауыт құрылысы жүргізіліп жатқанын айтты.
“Компания басшысы Хуанг Ёнгкяо мырзамен келісім шарт негізінде зауыт құрылысының жұмысын бастап кеттік. Жақын арада зауыт жұмысын іске қосып, шикізат өнімін жинақтап, өнім шығаруды жоспарлап отырмыз. Жалпы өңірге келетін инвестиция көлемі 5 млрд теңгені құрайды. Яғни, 13млн$ АҚШ доллары”, - дейді Кәрібаев.
Инвесторға жеке тәсіл: өңірлік стратегия қалай жұмыс істейді?
Сарапшының сөзінше, Қостанайда инвестор тарту “кім келсе, соны қабылдау” қағидасымен емес, нақты стратегиямен жүзеге асады.
“Бұл үшін алдымен басым салаларды айқындаймыз. Яғни, өнеркәсіп, логистика, өңдеу сияқты бағыттарға басымдық беріледі. Сонымен қатар әр инвестормен жеке жұмыс істеп, олардың ерекшелігіне қарай тәсіл қолданамыз.
Жалпы, өңірге инвестор тарту стратегиясы жүйелі әрі инвесторға бағдарланған. Басты мақсат - тек қаржы тарту емес, оны тиімді іске асырып, ұзақ мерзімді экономикалық өсімге айналдыру”, - деп түсіндірді ол.
Кәрібаев инвесторлармен жұмыс тек тартумен шектелмейтінін алға тартты.
“Біз толық циклді қамтимыз. Атап айтатын болсам, инвесторды іздеуден бастап, келіссөз жүргізу, жобаны іске асыру және кейінгі сүйемелдеу мен кеңейту кезеңдеріне дейін бірге жұмыс істейміз. Бұл тәсіл инвестицияны қысқа мерзімді пайда емес, ұзақ мерзімді экономикалық өсім құралына айналдыруға бағытталған”, - деп қосты ол.
Ірі жобаларға басмыдық
Сарапшының айтуынша, Қостанай облысында ұсақ инвестициялық жобалар іс жүзінде жоқтың қасы.
“Керісінше, өңірде жүзеге асырылып жатқан бастамалардың басым бөлігі – ірі өндірістік жобалар. Мәселен, Kia зауытынан бастап, басқа да өнеркәсіптік бағыттағы жобалардың барлығы ауқымды инвестициялар есебінен іске асырылып жатыр”, – деді Кәрібаев.
Қандай қолдау тетіктері қарастырылған?
Ол Қостанай облысында инвесторлар үшін нақты қолдау тетіктері тиімді жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Сөзінше, ағаш өңдеу зауытын жүзеге асыру барысында облыстық әкімдік пен тиісті мемлекеттік органдар тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілген.
“Әсіресе Әулиекөл ауданының әкімдігі жобаның басынан бастап тұрақты түрде сүйемелдеп, қандай көмек қажет екенін үнемі назарда ұстайды.
Сонымен қатар әкімдікке қарасты мекемелер мен құқық қорғау органдары да жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Біз шетелдік инвесторлармен серіктес ретінде жұмыс істеп отырғандықтан, олардың қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалуы да тиісті деңгейде қамтамасыз етілуде. Бұл біз үшін маңызды әрі қуантатын жағдай”, – деді сарапшы.
Қазақстанда инвесторларға әкімшілік қысым көрсету, заңсыз талаптар қою мәселесі жиі айтылып жатады. Алайда Дархан Кәрібаев өз тәжірибесінде мұндай жағдайларға тап болмағанын айтады.
“Біздің тәжірибемізде инвестор ретінде әкімшілік қысым немесе заңсыз әрекеттерге тап болған жағдайлар болған жоқ. Барлық жұмыс заң аясында жүргізіліп келеді. Керісінше, жергілікті билік тарапынан қолдау көріп отырмыз.
Қандай да бір заңсыз талаптар немесе кедергілер тіркелген жоқ. Құжат рәсімдеу процестері тиісті мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асырылады, оның басым бөлігі цифрландырылған. Бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастырады.
Жалпы, инвесторлар құқықтарының қорғалуы тиісті деңгейде қамтамасыз етілген”, – деді сарапшы.
Әлсіз тұстар мен мүмкіндіктер
Сарапшының пікірінше, Қазақстанда инвесторлар үшін ең тартымды бағыттардың бірі – өнеркәсіп, соның ішінде өңдеу және қайта өңдеу салалары. Бұл бағыттарда ірі жобаларға сұраныс жоғары және инвесторлар қомақты қаражат салуға дайын.
“Ал сауда-саттық саласына кәсіпкерлер тәуекелге барып өздері-ақ кіре береді. Ал ірі инвесторлар үшін өнеркәсіптік жобалар әлдеқайда тартымды.
Қостанай өңірінде инвесторлар ауқымды жобаларды жүзеге асырудан тартынбайды. Себебі бұл өңір бұрыннан өнеркәсіпке басымдық беріп келеді және оны нақты іске асырып отырған аймақтардың бірі”, – деді сарапшы.
Сарапшының пікірінше, Қазақстанда инвесторлар үшін әлсіз тұстар ретінде әдетте тәуекелі жоғары, жүйелік мәселелері бар немесе дамуы баяу салалар қарастырылады. Алайда ол мұндай бағыттарды “тиімсіз” деп бағалауға болмайтынын, керісінше дұрыс стратегия қолданылған жағдайда олар ірі мүмкіндіктерге айналуы мүмкін екенін атап өтті.
“Мысалы, су тапшылығы, әсіресе оңтүстік өңірлерде, технологиялық артта қалу, логистика мен сақтау инфрақұрылымының жеткіліксіздігі, сондай-ақ мемлекеттік субсидияларға тәуелділік сияқты мәселелер бар.
Жалпы алғанда, Қазақстан экономикасы әлі де шикізатқа тәуелді. Әр саланың өзіндік әлсіз тұстары мен шешімін қажет ететін мәселелері бар. Дегенмен бұл бағыттағы түйткілдерді Үкімет кезең-кезеңімен реттеп келеді”, – деді ол.
Сарапшының айтуынша, Қазақстанда инвесторларға тартымды орта қалыптастыруда тек салықтық жеңілдіктерге сүйену жеткіліксіз. Ол бұл бағытта ең басты рөлді тұрақтылық пен сенімділік атқаратынын атап өтті.
“Инвестор үшін ең маңыздысы – ойын ережелерінің өзгермеуі, яғни тұрақтылық пен сенім”, – деді Кәрібаев.
Сарапшының айтуынша, қазіргі кезеңде Қазақстанда инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған жүйелі реформалар жүзеге асырылып жатыр. Оның сөзінше, бұл бағыттағы жұмыстар енді тек декларация деңгейінде емес, нақты қадамдармен бекітілген.
“2025-2026 жылдары инвестициялық ахуалды жақсарту үшін жүйелі реформалар пакеті іске асырылып жатыр. Бұл жұмыстар Үкімет бекіткен 2026 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы аясында жүзеге асады”, – деді Кәрібаев.
