Франция Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне мұздықтардың еруіне қарсы күрес бойынша тәжірибесімен бөлісуге дайын, деп хабарлайды Dala News.
Францияның Қазақстандағы елшісі Сильван Гиоге айтуынша, елінде де мұздықтар бар және оларды сақтау мен еріп жатқан мұздықтардың салдарымен күрес бойынша белгілі бір тәжірибе жинақталған.
«Бізде де мұздықтар бар, бірақ көлемі жағынан аз. Соған қарамастан, оларды қалай сақтау керек және ерігеннен кейінгі салдарымен қалай күресу қажет – осы бағытта өз тәжірибемізбен бөлісе аламыз», – деді елші.
Ол сондай-ақ климаттың өзгеруі мәселесінде халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Оның сөзінше, Франция бұл бағытта саяси диалогты белсенді жүргізіп келеді және Париж келісімі аясында елдер ортақ міндеттемелерді орындауы тиіс.
Елші мұздықтардың еруі мәселесін шешу үшін халықаралық қауымдастықтың қаржылық және саяси қолдауы қажет екенін айтты.
Сонымен қатар, Франция су және энергия ресурстарын тиімді басқару тәжірибесімен бөлісуге және осы саладағы заманауи технологияларды ұсынуға дайын екенін жеткізді.
