Жамбыл облысында күмәнді тендер қайта жарияланды

Қаракөз Амантай 18 нау. 2026 09:50

Жамбыл облысы әкімдігіне қарасты білім басқармасы тағы да күмән тудыратын мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялады. Бұған дейін де осыған ұқсас жағдай қоғам назарын аударып, кейін конкурс күшін жойған болатын. Алайда биыл басқарма қайтадан заң талаптарына қайшы келуі мүмкін жаңа сатып алуды іске қосқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Goszakupturaly парақшасы ұсынған мәліметке сәйкес, білім басқармасы шамамен 180 миллион теңгеге педагогтердің біліктілігін арттыру қызметін сатып алмақ.

"Атап айтқанда, бұл – цифрлық құзыреттер мен функционалдық сауаттылықты дамытуға арналған онлайн-платформа мен арнайы оқу тренажерларын ұсыну қызметі. Платформада бейнесабақтар, симуляциялар, интерактивті тапсырмалар және ҰБТ-ға дайындық тесттері қамтылуы тиіс. Оқу соңында мұғалімдерге сертификат беріледі", - делінген жазбада.

Алайда дереккөздің айтуынша, конкурс талаптары бәсекелестікті шектейді және нақты бір жеткізушіге ыңғайланған болуы мүмкін. Құжатта көрсетілген материалдық талаптардың саны алтау, олардың барлығы шамадан тыс әрі шектеуші сипатта деп бағаланған.

"Мысалы, талаптардың бірі - қазақстандық білім беру жүйесіне бейімделген арнайы онлайн-тренажердың болуы. Мұндай өнімді ұсынатын компаниялардың саны өте аз, тіпті біреу ғана болуы мүмкін екені айтылып отыр. Сонымен қатар халықаралық серіктестердің болуы, белгілі бір рейтингтегі ұйымдармен жұмыс істеу сияқты талаптар да негізсіз деп танылуда.

Мұғалімдерді онлайн форматта оқыту үшін бұндай күрделі талаптар міндетті емес. Қарапайым бейнекурстар немесе халықаралық платформалар (мысалы, Coursera) да жеткілікті болар еді", - дейді дереккөз.

Тағы бір даулы мәселе - кадрлық талаптар. Конкурста ғылыми дәрежесі бар бірнеше маман талап етіледі, бірақ олардың нақты қай салада болуы маңызды емес. Бұл да талаптардың формалды түрде жазылғанын көрсетеді.

"Конкурс 2 наурызда жарияланған. Арада үш күн өткен соң әлеуетті жеткізушілер тарапынан алғашқы ескертулер түсе бастаған. Олар талаптардың шектен тыс екенін және тәуелсіз компаниялардың қатысуына кедергі келтіретінін атап өткен. Алайда ұйымдастырушы тарап заңға сілтеме жасаумен шектеліп, нақты түсіндірме бермеген және талаптарды өзгертуден бас тартқан", - деп қосты аталған парақша.

Кейіннен конкурс қайта жарияланған. Мұндай жағдайда алдыңғы талқылаулар мен пікірлер жойылып кетеді. Жаңа конкурс 16 наурызда шыққанымен, оған қатысты әзірге пікірлер тіркелмеген.

"Айта кетейік, 2024 жылы дәл осындай конкурс жарияланып, екі аптадан кейін күшін жойған. Ол кезде де жеткізушілер тарапынан көп сын айтылып, уәкілетті орган талаптарды негізсіз жоғары деп таныған еді", - деді дереккөз.

Жалпы, мамандардың қорытындысы бойынша, қазіргі конкурс талаптары әлі де өзгеріссіз қалып отыр. Бұл жағдай сатып алудың ашықтығына күмән келтіреді және бюджет қаражатының заңсыз жұмсалу қаупін арттырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove