Дәрігерлерді жасанды интеллект тексере бастайды

Самал Асқар 17 нау. 2026 17:56

Қазақстанда медициналық көмектің сапасын бақылау жүйесі толық жаңғыртылып, жасанды интеллект енгізіледі, деп хабарлайды Dala News.

2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарға сәйкес, елдегі медициналық ұйымдардың 70%-ы постлицензиялық мониторингпен қамтылады, ал кемінде 80%-ы жаңа стандарттар бойынша аккредитациядан өтеді.

Құжат медициналық қызмет сапасын басқарудың заманауи моделіне көшуге бағытталған. Жүйе деректерге, цифрлық технологияларға және жасанды интеллект құралдарына негізделмек.

Жоспарда төрт негізгі бағыт белгіленген:
— медициналық қызмет көрсету саласындағы реттеу тетіктерін жаңарту;
— жасанды интеллект қолданылатын жаңа сапа сараптамасы моделін енгізу;
— медициналық қауымдастық пен пациенттердің рөлін күшейту;
— сапаны басқару жүйесін толық цифрландыру.

Негізгі мақсат – пациентті медициналық қызмет сапасын бағалау мен бақылаудың белсенді қатысушысына айналдыру.

Сонымен қатар, 2028 жылдан бастап медициналық қызмет көрсетушілер үшін міндетті аккредитация енгізіледі, ал сапаны бақылау жүйесі толық цифрлық форматқа көшіріледі.

Жоспар аясында Ұлттық ғылыми денсаулық сақтау орталығы базасында Ұлттық сапа институты құрылмақ. Ол саладағы әдістемелік және аналитикалық орталыққа айналады.

2027 жылдан бастап сапаны бағалаудың үш компонентті моделі енгізіледі, ал 2028 жылға қарай бақылаудың кемінде 20%-ы жасанды интеллект арқылы жүргізіледі.

Билік бұл өзгерістер медициналық қызметтердің сапасын арттырып, жүйенің ашықтығын қамтамасыз етеді деп отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove