Жуырда Вашингтонда Қарағанды–Жезқазған автожолын қаржыландыру туралы келісімге қол қойылды. Ұзындығы 457 шақырымды құрайтын жол құрылысына 650 млрд теңге көлемінде қарыз тартылмақ.Qazaq Expert Club сарапшылары бұл жобаның Қазақстандағы логистика мен инвестициялық ахуалға ықпалын бағалады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Логистикаға серпін беретін жоба
Көлік логистика саласының сарапшысы Айнұр Дивееваның пікірінше, жаңа жол Орталық Қазақстандағы көлік байланысының әлсіз тұстарын толықтырады.
"Бұл маршрут Орталық Қазақстандағы негізгі "ақаулардың" бірін жабады. Өңірдегі өнеркәсіптік аймақтар арасындағы көлік байланысы әлі де әлсіз. Әсіресе, тау-кен және металлургия саласы үшін маңызды. Жол сапасының жақсаруы шикізат пен дайын өнімді тасымалдауды жеделдетіп, аз ғана бағытқа тәуелділікті төмендетеді", – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, мұндай инфрақұрылымдық жобалар жүк жеткізу уақытын 20–30%-ға дейін қысқартып, бизнес шығындарын 10–15%-ға азайтуы мүмкін. Бұл өз кезегінде өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырады.
Автожол – икемділікті арттырады
Сарапшы теміржол жаппай жүк тасымалының негізгі арқауы болып қала беретінін атап өтті. Дегенмен жаңа автожол логистикаға икемділік береді.
Бұл ішкі нарықтағы жүк ағындарын жедел қайта бөлуге мүмкіндік жасап, теміржол желілеріне түсетін жүктемені азайтады.
Халықаралық қаржыландыру
Қаржы сарапшысы Венера Жаналина жобаның инвестициялық маңызына ерекше тоқталды.
"Халықаралық қайта құру және даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі сияқты институттардың қатысуы – жобаның сапасы жоғары екенін және халықаралық қаржыландыру талаптарына сай келетінін көрсетеді", – дейді ол.
Сарапшының сөзінше, бұл жоба инвесторлар үшін оң қадам.
Жол қысқарып, уақыт үнемделеді
Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің бағалауына сәйкес, Қарағанды–Жезқазған бағыты бойынша жол жүру уақыты 1,1 сағатқа қысқарады. Яғни 6,64 сағаттан 5,53 сағатқа дейін төмендейді.
Бұл көлік шығындарын азайтып, уақыт тиімділігін арттырады.
Сауда көлемі артуы мүмкін
Дүниежүзілік банк деректеріне сәйкес, осы бағыттағы экспорт-импорт тасымалы 2022 жылғы 67 мың тоннадан 2030 жылға қарай 358 мың тоннаға дейін өсуі ықтимал.
Алайда қосымша инфрақұрылым уақтылы дамымаса, бұл көрсеткіш шамамен 212 мың тонна деңгейінде қалуы мүмкін.
Өңірдегі шығын мәселесі
Қазіргі таңда Ұлытау өңірінде логистикалық шығындар өнім құнының 20%-дан астамын құрайды. Бұл нарыққа шығу мүмкіндігін шектеп отыр.
Жаңа жол іске қосылса, шамамен 1,36 млн адам оның игілігін көрмек.
Тиімділік
Сарапшылар жобаның тиімділігі тек жол салумен шектелмейтінін ескертті.
Ол үшін қойма инфрақұрылымы, сервистік орталықтар мен цифрлық шешімдер қатар дамуы қажет.
"Жалпы, бұл – ішкі логистиканың тұрақтылығын арттыратын, бизнеске кедергілерді азайтатын орынды жоба. Алайда оның транзиттік әлеуетке әсері шектеулі және бүкіл көлік жүйесінің кешенді дамуына байланысты", – деп түйіндеді Айнур Дивеева.
