Қазақстанда жаңа Конституция жобасына қоғамдық қолдау жоғары деңгейде қалыптасқан, деп хабарлайды Dala News.
Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Әмина Үрпекова мәлімдеді. Оның айтуынша, әлеуметтік зерттеулер нәтижесі бойынша реформаны қолдау деңгейі шамамен 90% болған.
Сарапшының сөзінше, бастапқыда қоғам институционалдық өзгерістерге – бір палаталы парламент, вице-президент қызметі және Халық кеңесін құру сияқты жаңашылдықтарға назар аударған.
Алайда референдум жақындаған сайын азаматтардың қызығушылығы әлеуметтік мәселелерге ойысқан. Атап айтқанда, халықтың назары:
– әлеуметтік кепілдіктерге,
– білім мен ғылымға,
– қоршаған ортаны қорғауға,
– цифрлық қауіпсіздікке бағытталған нормаларға ауған.
«Азаматтар күнделікті өміріне тікелей әсер ететін өзгерістерге көбірек мән береді», – деді сарапшы.
Сонымен қатар сауалнамаларға сәйкес, тұрғындардың басым бөлігі реформалар өз өміріне оң әсер етеді деп күтеді. Ал референдумға қатысуға дайындық деңгейі 71–75% шамасында болған.
Сарапшылардың пікірінше, қоғамдық талқылау мен түсіндіру жұмыстары халықтың белсенділігін арттырып, Конституция жобасына жоғары қолдау қалыптастыруға ықпал еткен.
