Қазақстандықтар билікке қаншалықты сенеді — сауалнама нәтижесі

Қаракөз Амантай 21 сәу. 2026 11:32

Қазақстанда қоғамның басым бөлігі елде түбегейлі өзгерістер қажет деп санайды. DEMOSCOPE бюросы жүргізген "Билік институттарына қоғамның сенімі" тақырыбындағы сауалнама нәтижесіне сүйенсек, респонденттердің 71,6%-і ауқымды реформаларды күтсе, 13,8%-і тек ішінара өзгерістер жеткілікті деп есептейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Зерттеуге еліміздің 17 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 1100 адам қатысқан. Жобаны MediaNet Халықаралық журналистика орталығы PAPERLAB зерттеу орталығымен бірлесіп, Конрад Аденауэр атындағы қор қолдауымен жүзеге асырған.

Қоғам өзгерісті қалайды

Сауалнама нәтижесі бойынша, азаматтардың 85,4%-і елге өзгеріс қажет деп санайды. Алайда бұл көрсеткіш 2023 жылғы ұқсас зерттеумен салыстырғанда төмендеген (ол кезде – 89,9%).

Сонымен қатар қоғамда мемлекеттік институттарға деген сенім белгілі бір деңгейде сақталған. Респонденттердің 50,3%-і сенім деңгейі өзгермегенін айтса, 23,4%-і сенім артқанын, ал 19,7%-і керісінше төмендегенін жеткізген.

Сенім бар, бірақ тұрақсыз

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, билік институттары ішінде ең жоғары сенім деңгейі президентке тиесілі – 61,3%. Дегенмен бұл көрсеткіш 2023 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда төмендеген (69,4%).

Әкімдіктерге сенетіндер – 50,2%, Үкіметке – 47,4%, ал құқық қорғау органдарына сенетіндер – 46,8%. Сот жүйесіне сенім білдіргендер үлесі 43,7%-ті құраған.

Жастар белсенді, үлкендер күмәнданады

Жас ерекшелігіне қарай айырмашылық айқын байқалады. 18–29 жас аралығындағы жастар арасында билікке сенім жоғарырақ болса, 50–59 жастағылар арасында бұл көрсеткіш төмен.

Мәселен, жастардың 72,5%-і президентке сенсе, 50–59 жас тобында бұл көрсеткіш 51,2% ғана.

Ашық сын айтуға қорқады

Сауалнама қоғамда пікір еркіндігі мәселесі де өзекті екенін көрсетті. Қазақстандықтардың 56,1%-і интернетте билікті ашық сынаудан қауіптенеді. Оның ішінде 28,5%-і мұны қауіпті деп санаса, 27,6%-і қысым немесе жауапкершілікке тартылудан қорқады.

Тек 9,8% респондент билікті сынау қауіпсіз деп есептейді.

Қарама-қайшы көзқарас сақталған

Сонымен қатар азаматтардың 47%-і қарапайым халықтың мемлекеттік шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі жоқ деп санайды. Ал 46,3%-і керісінше, белгілі бір деңгейде әсер етуге болады деген пікірде.

Елдің даму бағытына қатысты да көзқарас екіұшты: респонденттердің 44,6%-і Қазақстан дұрыс жолда деп есептесе, 18,7%-і керісінше пікір білдірген.

Сарапшылар не дейді?

MediaNet Халықаралық журналистика орталығы өкілдері бұл зерттеу қоғамдағы ерекше үрдісті көрсететінін атап өтті.

"Зерттеу нәтижесі қоғамда белгілі бір парадокс қалыптасқанын көрсетті: бір жағынан, мемлекеттік институттарға деген сенім сақталған, екінші жағынан, ауқымды реформаларға сұраныс жоғары. Бұл – қоғамның өзгерісті күтіп отырғанын білдіреді. Сонымен қатар, азаматтардың бір бөлігі билікті ашық сынаудан тартынатыны байқалады, бұл ұзақ мерзімді сенімге әсер етуі мүмкін", – деп мәлімдеді орталық өкілдері.

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі экономикалық жағдай, бағаның өсуі мен халық табысының төмендеуі үкіметтен нақты әрі нәтижелі қадамдар күтетін қоғамдық сұранысты күшейтіп отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove