Ресей Федерациясы Қазақстаннан жеткізілген ірі көлемдегі азық-түлік өнімдерін шекарада өткізбей, кері қайтарды, деп хабарлайды Dala News.
Ресейдің ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау қызметінің Урал өңіраралық басқармасының мәліметінше, 2026 жылғы 13-19 сәуір аралығында Челябі облысындағы Қазақстанмен шекаралас «Бугристое» және «Николаевка» автомобильдік өткізу бекеттерінде тәулік бойы бақылау жүргізілген.
Тексеру нәтижесінде Қазақстаннан Ресейге бағытталған жануар тектес өнімдердің ірі партиясы талаптарға сәйкес келмейтіні анықталған. Атап айтқанда, 12 жүк көлігімен тасымалданған жалпы салмағы 279,3 тонна болатын балмұздақ пен йогурт тұрақтандырғышы ел аумағына кіргізілмеген.
Инспекторлардың айтуынша, негізгі себеп – ветеринарлық ілеспе құжаттардағы олқылықтар. Құжаттарда өнімнің нақты қай өндіріс орнынан шыққаны көрсетілмеген. Бұл өнімнің толық қадағалануын, яғни оның шығу тегі мен қауіпсіздігін бақылауды мүмкін емес етеді. Осыған байланысты жүк Ресей аумағына жіберілмей, кері қайтарылған.
Сонымен қатар сол кезеңде Өзбекстаннан жеткізілген 1 728 ара пакеті де Ресейге кіргізілмеген. Бұл жағдайда да ветеринарлық құжаттар талаптарға сай болмағаны анықталған.
Бұдан бөлек, кері бағыттағы тасымалдауда да заңбұзушылықтар тіркелген. Ресейден Қазақстанға жөнелтілген 2,5 тонна мұздатылған теңіз балығы шекарада тоқтатылған. Тексеру барысында бұл өнімді жөнелткен кәсіпорындардың Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті реестріне енгізілмегені белгілі болған. Яғни, олар мұндай өнімді экспорттауға құқығы жоқ болып шыққан. Осыған байланысты жүк заң талаптарына сәйкес кері қайтарылған.
Ресей тарапы мұндай шаралар өнім қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ветеринарлық талаптардың сақталуын бақылау мақсатында қабылданатынын атап өтті.
Айта кетейік, Еуразиялық экономикалық одақ аясында азық-түлік өнімдерін тасымалдау кезінде өнімнің шығу тегі, қауіпсіздігі және өндіруші кәсіпорын туралы толық әрі нақты ақпараттың болуы міндетті талап болып саналады. Құжаттағы кез келген сәйкессіздік өнімнің шекарадан өтпеуіне негіз бола алады.
