Қазақстанның бірқатар өңірінде көктемгі су тасқыны жалғасып жатыр. Ақмола облысында понтонды көпірді су басса, Солтүстік Қазақстан облысында еріген қар суы жолды шайып кеткен, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Ақмола облысы Зеренді ауданындағы Шағалалы өзенінде орналасқан понтонды көпірдің үстінен су асып кеткен. Бұл көпір ауылдың негізгі бөлігін 28 үй орналасқан көшемен байланыстырып тұр.
Ведомствоның хабарлауынша, балама жол болғанына қарамастан, жергілікті тұрғындар мен атқарушы органдардың өтініші негізінде өткел ұйымдастырылған. Құтқарушылар қайықпен 16 адамды тасымалдап, тұрғындардың үйлеріне жетуіне және азық-түлік алуына жағдай жасаған.
Қазіргі уақытта көпірдің техникалық жағдайы қалыпты, су деңгейі біртіндеп төмендеп келеді. Оқиға орнында әкімдік, төтенше жағдайлар қызметі мен полиция қызметкерлері кезекшілік атқаруда.
Ал Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданында еріген қар суының күрт көтерілуіне байланысты Ленинград – Айсары бағытындағы аудандық маңызы бар автожолдың бір бөлігі шайылып кеткен.
Жергілікті билік өкілдерінің мәлімдеуінше, судың еркін өтуін қамтамасыз ету үшін жол жабынын арнайы түрде бұзу туралы шешім қабылданған. Бұл шара ықтимал қауіптің алдын алу мақсатында жасалған.
Қазіргі таңда су деңгейі төмендеген. Мамандар жолды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аудан әкімдігі мен жол қызметі тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырған. Жағдай тұрақты бақылауда.
