Түркияда 15 жасқа дейін әлеуметтік желі туралы заң қабылданды

Самал Асқар 24 сәу. 2026 19:04

Түркия парламенті 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануды шектеуге бағытталған заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Dala News.

Заңға сәйкес, цифрлық платформалар кәмелетке толмағандарға қолжетімділікті шектеу үшін жасын тексеру жүйелерін енгізуге міндеттеледі. Сонымен қатар ата-аналық бақылау құралдары іске қосылып, зиянды контентке жедел әрекет ету талап етіледі. 

Құжатқа енген негізгі талаптардың бірі – 15 жасқа дейінгі балаларға аккаунт ашуға тыйым салу. Сондай-ақ YouTube, TikTok, Instagram сияқты платформалар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша міндеттемелер алады. 

Бұл бастама балаларды интернеттегі зиянды контенттен қорғау мақсатында қолға алынған. Түркия билігі әлеуметтік желілер жасөспірімдердің психикасына кері әсер етуі мүмкін екенін бірнеше рет мәлімдеген. 

Сонымен қатар жаңа заң онлайн ойын компанияларына да талаптар қояды – олар елде ресми өкіл тағайындауы тиіс. Заң талаптарын орындамаған компанияларға айыппұл салу немесе интернет жылдамдығын шектеу сияқты санкциялар қолданылуы мүмкін. 

Құжат әлі толық күшіне енген жоқ – оны Түркия президенті бекітуі тиіс. 

Reuters агенттігінің мәліметінше, бұл заң әлеуметтік қызметтер туралы заңға енгізілген өзгерістердің бір бөлігі болып табылады және балаларды қорғауға бағытталған кең ауқымды саясаттың құрамына кіреді. 

Сарапшылардың айтуынша, Түркия бұл бағытта Австралия, Индонезия және бірқатар Еуропа елдерінің тәжірибесіне қосылып отыр, онда да балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу мәселесі қарастырылып жатыр. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove