Ресей 1 мамырдан бастап Қазақстан мұнайын Германияға Дружба мұнай құбыры арқылы жеткізуді тоқтатуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Reuters агенттігі салалық үш дереккөзге сілтеме жасап хабарлады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Агенттік мәліметінше, жаңартылған жеткізу кестесі Қазақстан мен Германияға жіберілген. Дереккөздер бұл ақпаратты жасырын түрде растаған.
Хабарламада Ресей мен Германия арасындағы саяси және іскерлік қарым-қатынастар Украинадағы соғыс аясында нашарлағаны айтылған. Берлин Киевті қолдайды.
Ресей Энергетика министрлігі Reuters сауалына бірден жауап бермеген. Ал Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мұндай жоспарлар туралы білмейтінін мәлімдеді.
«Біз мұны тексеруге тырысамыз», – деді ол брифинг барысында.
Reuters дерегінше, 2022 жылы Германия Роснефть компаниясының елдегі бөлімшелерін сыртқы басқаруға берген. Бұл Мәскеу мен Берлин арасындағы ұзақ жылғы энергетикалық байланыстардың үзілуіне әкелген.
2025 жылы Қазақстан мұнайының Германияға экспорт көлемі 2,146 млн тоннаны немесе тәулігіне шамамен 43 мың баррельді құраған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 44%-ға көп.
Жеткізілімдер «Дружбаның» Польша арқылы өтетін солтүстік тармағы арқылы жүзеге асырылады. Алайда соңғы уақытта Ресей аумағындағы құбыр инфрақұрылымына жасалған дрон шабуылдары салдарынан тасымалдау бірнеше рет бұзылған.
Аталған бағыт бойынша мұнайдың бір бөлігін Германиядағы ірі мұнай өңдеу зауыттарының бірі – Шведт қаласындағы PCK зауыты алады. Бұл кәсіпорын 2022 жылы Ресей мұнайынан бас тартқаннан кейін Қазақстан мұнайына көшкен.
