Дубайда 22 жастағы қазақстандық өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Қаракөз Амантай 21 сәу. 2026 17:13

Біріккен Араб Әмірліктерінде 22 жастағы қазақстандыққа қатысты сот үкімі шықты. Сот шешімі бойынша ол өмір бойына бас бостандығынан айырылып, ірі көлемде айыппұл төлеуге міндеттелген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Криминальный Казахастан телеграм арнасының мәліметінше, сотталған жігіттің анасы ұлының кінәсіз екенін жеткізген. Оның айтуынша, Ернұр Алмахан 2024 жылдың қыркүйегінде табыс табу мақсатында шетелге барып, жүргізуші болып жұмыс істеген. Алғашында отбасымен үнемі байланыста болғанымен, кейінірек қылмыстық іске тартылғанын айтып, өзін жазықсыз деп мәлімдеген.

Уақыт өте келе байланыс мүлде үзілген соң, ата-анасы Қазақстанның консулдығы мен Сыртқы істер министрлігіне жүгінген. Тек 2026 жылдың сәуір айында ғана оларға 18 наурыз күні БАӘ сотының бірінші инстанциясы үкім шығарғаны хабарланған. Сот шешіміне сәйкес, Ернұр өмір бойына сотталып, 2,5 млн дирхамнан астам (шамамен 300 млн теңге) айыппұл арқалаған.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты растады. Ведомство мәліметінше, үкім әлі заңды күшіне енбеген. Қазіргі таңда апелляциялық шағым түсіріліп, істі қайта қарау 27 сәуірге белгіленген.

"Кейбір дереккөздердің мәліметіне сүйенсек, Ернұр Алмахан қарулы қарақшылық ісіне қатысы болуы мүмкін. Тергеу нұсқасы бойынша, 2025 жылдың жаңа жыл түні бір топ адам жеке үйге басып кірген. Бұл үйде "Finiko" қаржы пирамидасының негізін қалаушылардың бірі Эдвард Сабиров тұрған. Оқиға кезінде қару қолданылып, жанжал барысында пышақтасу болған. Ал ұрланған заттардың жалпы құны 1 миллион дирхамнан асқан", - дейді дереккөз.

БАӘ заңнамасына сәйкес, топ болып жасалған қарулы қарақшылық аса ауыр қылмыстар қатарына жатады және ең қатаң жаза тағайындалуы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove