Биылдан бастап 1-сыныпқа құжат қабылдау мерзімі өзгерді. Енді өтініштер әдеттегідей 1 сәуірден емес, 27 мамырдан бастап қабылданады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министр аталған шешім мектептердегі оқу процесіне кедергі келтірмеу үшін қабылданғанын жеткізді.
Оның түсіндіруінше, бұрын құжат қабылдау кезеңі сабақ уақытымен тұспа-тұс келіп, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге қосымша жүктеме түсіретін.
"Құжат қабылдау 1 сәуірден басталған кезде ол мектептердегі сабақ процесімен қабаттасатын. Бұл уақытта мектеп басшылығы да, мұғалімдері де, ІТ мамандары да оқу процесімен қарбаласып жүреді. Соның салдарынан бірінші сыныпқа құжат қабылдауды тиімді ұйымдастыру қиынға соғатын. Сондықтан осындай жағдайлардың алдын алу үшін мерзімді қайта қарастырдық", – деді министр.
Айта кетейік, құжаттарды 31 тамызға дейін тапсыруға болады.
