Атырау облыстық полиция департаменті өңірде табылған белгісіз нысанға қатысты тексеру жүргізіп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл ұшқышсыз ұшу аппаратының (дронның) бөлшектері болуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz
Нысан елді мекендерден тыс аумақтан табылған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тексеру жұмыстарына арнайы қызмет өкілдері де тартылған.
Айта кетейік, бұл шекараға жақын өңірлерде тіркелген алғашқы жағдай емес. 26 наурыз күні Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданында да дрон сынықтары табылған. Бұған дейін ақпан және наурыз айларында аталған өңірде тағы төрт аппараттың құлағаны тіркелген.
Қазақстан Қорғаныс министрлігі мәліметінше, Батыс Қазақстан облысында табылған ұшқышсыз аппараттардың басым бөлігі Ресейдің 926-шы бас ұшу-сынақ орталығы полигоны аумағында құлаған. Аталған әуе кеңістігін ресейлік әскери құрылымдар пайдаланады.
