Атырау футбол клубы жаңа иесін тапты. Клуб 75,2 млн теңгеден саудаға шығарылып, нәтижесінде 77 млн теңгеге сатылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ашық конкурс қорытындысы бойынша «Caspian Football Group» ЖШС жеңімпаз атанды. Компанияны басқаратын Айбек Тлеужан аймаққа белгілі кәсіпкер Болат Қонарбайдың мүддесін таныстырады. Бұл туралы Атырау облысы әкімдігі хабарлады.
Болат Қонарбай – Атырау облысының тумасы. Ол «Болат-Жол» компаниясына өзі және «Сәтті Мекен» ЖШС арқылы иелік етеді.
«Болат-Жол» – теміржол тасымалы, локомотив пен вагон жөндеу, маневрлік жұмыстар және құрылыс материалдарын сату бағытында жұмыс істейтін ірі көлік-логистикалық компания. Ал «Сәтті Мекен» ЖШС тұрғын үйді жалға беру және басқарумен айналысады.
