Алматыда балалар футболын дамытуға бағытталған жаңа жоба іске қосылды

Ақтоты Жапатова 23 ақп. 2026 16:25

Алматыда балалар спортына бағытталған жаңа бастама пайда болды. Кәсіпкер Кайрат Реимов пен оның серіктестері “Tarlan” атты балалар футбол клубын іске қосты. Жоба тек коммерциялық емес, ең алдымен әлеуметтік миссияға бағытталуымен ерекшеленеді, деп хабарлайды Dalanews.kz

Бүгінде Алматыда футбол үйірмелері аз емес. Бағасы әртүрлі, мемлекеттік бағдарламаларға кіретіндері де, жеке жұмыс істейтіндері де бар. Алайда олардың бәрінде бірдей жүйе мен сапа сақтала бермейді. Кейбір клубтарда жаттықтырушылар жиі ауысады, алаң мен зал жетіспейді, тіпті кейбірі жабылып қалып, ата-аналар төлемі күйіп кететін жағдайлар да кездеседі.

Одан бөлек, балаларды жас ерекшелігіне қарамай бір топқа жинап, жүйесіз жаттығу жүргізу де жиі байқалады. Мұндай тәсіл балалардың мотивациясына да, ойын деңгейіне де кері әсер етеді. Нәтижесінде балалар футболы көбіне даму алаңынан гөрі табыс көзіне айналып кеткендей әсер қалдырады.

Осындай жағдайда “Tarlan” клубының ашылуы – маңызды қадам. Жобаның негізін қалаушы Кайрат Реимовтың айтуынша, клубқа балалар әртүрлі әлеуметтік ортадан қабылданады, оның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға ерекше көңіл бөлінеді.

«Командаға балаларды жан-жақтан жинадық. Толық экипировка, турнирларға қатысу, қаржыландыру, заманауи алаң – барлығын қамтамасыз етіп жатырмыз. Біздің мақсат – дайын команданы сатып алу емес, балаларды кішкентайынан тәрбиелеп, болашақ чемпиондарды шығару», – дейді ол.

Клуб құрылымы да жүйелі түрде жасалған. “Tarlan” командасының жетекшісі Нұрсұлтанның айтуынша, үш құрам қарастырылған:

  • С құрамы – жаңадан бастаушылар;

  • В құрамы – тәжірибесі бар, орта деңгейдегі ойыншылар;

  • А құрамы – үздік футболшылар.

Балалар толықтай демеушілік негізде жаттығады: олар форма, жаттығу алаңы және турнирлермен қамтамасыз етіледі, ай сайынғы төлем жасамайды. Сонымен қатар, балалармен тәжірибелі жаттықтырушылар жұмыс істейді.

Жоба авторларының айтуынша, басты мақсат – тек кәсіби футболшыларды тәрбиелеу емес. Ең маңыздысы – дені сау, тәртіпті әрі мақсатшыл ұрпақ қалыптастыру.

“Балалар міндетті түрде кәсіби спортшы болуы шарт емес. Бірақ спорт арқылы дұрыс бағыт алса – бұл да үлкен жеңіс”, – дейді жоба ұйымдастырушылары.

Алдағы уақытта “Tarlan” клубын үлкен академияға айналдыру жоспарланып отыр. Бұл бастама еліміздегі балалар футболындағы жүйесіздік мәселесін азайтып, сапалы дайындыққа жол ашуы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove