Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл маңындағы қорғаныс дамбасының құрылысы төңірегінде дау шықты, деп хабарлайды Dala News.
Прибрежное ауылында дамба салуға қатысқан жұмысшылардың айтуынша, нысан толық аяқталғанына қарамастан, оларға шамамен 300 млн теңге төленбеген. Ал ресми дерек бойынша бұл жобаға бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлінген.
Құрылысшылардың сөзінше, былтыр нысанға Ақмола, Түркістан, Маңғыстау және Алматы облыстарынан бригадалар келген. Бастапқыда еңбекақы уақытылы төленгенімен, кейін төлемдер тоқтаған. Соған қарамастан жұмысшылар дамбаны белгіленген мерзімде, су тасқынына дейін аяқтап шыққан.
Қазіргі таңда олардың көбі қиын жағдайда қалған. Бірі еңбекақысын алмай елге қайтса, енді бірі жалдамалы пәтерде тұрып, қарызға кіріп, несиесін төлей алмай отыр. Кейбір жұмысшыларға бірнеше миллион теңге қарыз екені айтылуда.
Ал Қызылжар аудандық әкімдігі барлық қаражат бас мердігерге толық төленгенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, мәселе енді бас мердігер мен қосалқы мердігерлер арасындағы есеп айырысумен байланысты. Әкімдік өкілдері кездесу барысында бас мердігер қарызды 2–3 күн ішінде жабуға уәде бергенін жеткізді.
Алайда бас мердігер бұл жағдайға қатысты түсініктеме беруден бас тартқан. Жұмысшылар болса уәдеден шаршағанын айтып, жақын күндері ақша төленбесе, прокуратура мен еңбек инспекциясына жүгінетінін мәлімдеді.
Осылайша, су тасқынынан қорғау үшін миллиардтаған қаржы бөлінген нысан енді оны салған адамдарға еңбекақы төленбегені үшін қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр.
