АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдары Эрик пен кіші Дональд Трамп Қазақстанда вольфрам өндіретін компанияның үлескері атанған. Бұл туралы Financial Times жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Басылым мәліметінше, аталған компания АҚШ үкіметінен былтыр 1,6 млрд долларға дейін қаржылай қолдау алған. Қаражат Қазақстандағы ірі вольфрам кен орнын игеруге бағытталған. Енді осы жобаға Трамптың ұлдары жанама түрде үлес қосады.
Сарапшылар мұны АҚШ үшін стратегиялық қадам деп бағалап отыр. Себебі вольфрам қорғаныс өнеркәсібінде кеңінен қолданылатын маңызды металл. Вашингтон осы арқылы Қытайға тәуелділікті азайтуды көздейді.
Бұған дейін тамыз айында Трамптың ұлдары Skyline Builders компаниясына инвестиция салған. Олар үлесті Dominari Securities арқылы алған. Инвестиция көлемі жарияланған жоқ.
Сондай-ақ дереккөздердің айтуынша, 22 қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампқа вольфрам өндіру жобасын америкалық Cove Kaz Capital компаниясына беру жоспары бар екенін айтқан. Бұл компания Қытай мен Ресей кәсіпорындарымен бәсекеге түскен.
Кейін қазан айында Трамптың ұлдары Skyline компаниясындағы үлесін ұлғайтып, шамамен 24 млн доллар көлеміндегі акция сатып алған. Ал 31 қазанда Skyline Азиядағы ірі минерал қорларына ие Kaz Resources компаниясының 20 пайыз үлесін 20 млн долларға сатып алуға келіскен.
Бұл компания Cove Capital тобына тиесілі және сол топ Cove Kaz Capital компаниясын да бақылайды. 6 қарашада Cove Capital Қазақстанның ұлттық тау кен компаниясымен әлемдегі ең ірі әрі әлі толық игерілмеген вольфрам кен орнын игеру туралы келісім жасағанын жариялады.
Осылайша Cove Kaz Capital мен Kaz Resources Skyline компаниясымен бірігуге келісті. Жаңа компания Nasdaq биржасына Kaz Resources атауымен шығуды жоспарлап отыр. Айта кетейік, ресми хабарламада Трамптың ұлдарының аты аталмаған.
