Бүгін Алматыда алғашқы крематорий іске қосылды. Бұл нысан жер тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. Мамандардың айтуынша, кремация қызметі кезең-кезеңімен жолға қойылады. Dalanews.kz тілшісі крематорийге барып, жұмыс тәртібімен танысып қайтты.
Алматы қалалық патологоанатомиялық бюросының директоры Ардақ Әлішевтің айтуынша, крематорий 2025 жылдың қазан айында мекеме қарамағына берілген. Бүгін ресми ашылғанымен, нақты жұмыс алдағы күндері басталады.
“Алдағы үш күн – демалыс. Сол себепті демалыстан кейін толыққанды жұмысқа кірісеміз”, – деді Ардақ Әлішев.
Кремация процесі қалай өтеді?
Әлішевтің айтуынша, крематорийдегі пештер Чехияда өндірілген және заман талабына сай жабдықталған.
“Кремация температурасы 800-ден 1100 градусқа дейін жетеді. Пешті толық қыздыру үшін 24–35 сағат қажет. Ал мәйітті өртеу процесі шамамен екі сағатқа созылады”, – дейді ол.
Маманның айтуынша, жұмсақ және сүйек тіндері толық күйіп, күлге айналады. Тек ірі сүйектер (жамбас, бас сүйек негізі) толық жанбайды, бірақ кейін арнайы құрылғыда ұнтақталады.
“Кремациядан кейін қалған бөліктер арнайы аппаратта ұсақталып, толықтай күлге айналады. Соңында туыстарына берілетін күл дайын болады”, – деп түсіндірді директор.

Қызмет құны және қосымша қызметтер
Қазіргі таңда кремация қызметінің құны – 240 мың теңге.
“Бұл бағаға газ шығыны, пешті дайындау және барлық технологиялық процесс кіреді. Ал табыт, киім және басқа да қызметтер бөлек көрсетіледі”, – деді Әлішев.
Крематорий тек қызмет көрсетуші ретінде жұмыс істейді. Ал қажет тауарларды (табыт, урна, т.б.) жеке компаниялар сатады. Ол үшін арнайы тендер ұйымдастырылады.
Кімді кремациялауға болады?
Қазіргі заңнамаға сәйкес, кремация тек марқұмның тірі кезінде берген жазбаша келісімі болған жағдайда ғана жүргізіледі.
“Адам тірі кезінде нотариалды түрде келісім беруі керек. Қазір туыстарының шешімімен кремация жасауға рұқсат жоқ. Бірақ бұл мәселе алдағы уақытта қайта қаралуы мүмкін”, – деді ол.
Жасына, ұлтына немесе басқа да ерекшеліктеріне шектеу жоқ.
Процеске қойылатын талаптар
Кремация міндетті түрде табытпен жүргізіледі.
“Табыт ағаштан жасалуы тиіс. Картон немесе басқа материалдарға рұқсат жоқ. Ол толық жанып кетуі керек”, – деп нақтылады директор.
Ал марқұмды жуындыру, киіндіру секілді қызметтер бөлек ұсынылады.

Қоғамда тараған қауесеттерге жауап
Крематорийде тек адам мәйіттері ғана кремацияланады.
“Бұл жерде жануарлар да, медициналық қалдықтар да, басқа ештеңе өртелмейді. Тек адам мәйіттері ғана кремацияланады”, – деп нақтылады директор.
Қуаты мен болашағы
Крематорийде екі пеш бар. Қазіргі таңда нақты сұраныс көлемі белгісіз.
“Бұл – еліміздегі алғашқы тәжірибе. Қанша адам жүгінетінін уақыт көрсетеді. Біз де жұмыс барысында үйреніп, жүйені жетілдіреміз”, – деді ол.
Алматы қалалық патологоанатомиялық бюросының бас экономисі Құралай Әбдіқанованың айтуынша, крематорийдің ашылуы дәстүрлі жерлеуге қосымша балама ретінде қарастырылған.
“Кремация – адамдарға діни, мәдени және жеке көзқарасына қарай қоштасу тәсілін таңдауға мүмкіндік береді. Әсіресе ірі қалаларда бұл өте өзекті. Алматыда зираттарға жер тапшылығы айқын сезіледі”, – дейді ол.
Оның сөзінше, дәл осы фактор крематорий салудың негізгі себептерінің бірі болған.
“Қала аумағында жерлеуге арналған орындар азайып барады. Кремация зираттарға түсетін жүктемені азайтуға көмектеседі. Бұл – әлемдік тәжірибеде кең таралған әдіс”, – деді Әбдіқанова.
Күлді қайда сақтайды?
Қазір Қазақстанда кремациядан кейінгі күлді орналастыру мәселесі толық шешілмеген.
“Бүгінде елімізде алғашқы крематорий ғана ашылып отыр. Сондықтан колумбарий салу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл – әкімдік деңгейінде талқыланып жатқан мәселе”, – деді ол.
Колумбарий – кремациядан кейінгі күл салынған урналарды сақтайтын арнайы орын. Оның артықшылығы – үлкен аумақты қажет етпейді.
“Егер колумбарий салынса, урналар арнайы бөлінген орындарға қойылады. Бұл дәстүрлі зираттар сияқты көп жер алмайды”, – деп түсіндірді маман.
Қазақстанда күлді шашуға заң бойынша тыйым салынған.
“Күлді тек жерлеуге немесе болашақта салынатын колумбарийге орналастыруға болады”, – деп түсіндірді ол.
Уақытша сақтау қалай жүргізіледі?
Колумбарий толық іске қосылғанға дейін күл крематорий аумағында уақытша сақталуы мүмкін.
“Біз туыстарымен келісімшарт жасаймыз. Соған сәйкес, күлді бір жылға дейін өзімізде сақтауға мүмкіндік бар. Кейін туыстары алып кетуі немесе жерлеу мәселесін шешуі тиіс”, – деді Әбдіқанова.
Колумбарий қашан салынады?
Бұл жоба әзірге талқылау кезеңінде.
“Колумбарий салу – бір күнде шешілетін мәселе емес. Бұл заңнамалық, нормативтік құжаттарды талап етеді. Қазір бұл мәселе жергілікті әкімдікте қарастырылып жатыр”, – деді ол.
Халықаралық тәжірибе
Маман кремацияның әлемде бұрыннан қолданылып келе жатқан тәжірибе екенін атап өтті.
“Мұндай тәсіл Жапония, Үндістан, Ресей сияқты елдерде кеңінен қолданылады. Бізде де урбанизация жағдайында бұл қажеттілік туындап отыр”, – деді ол.
Сонымен қатар крематорийдің төтенше жағдайларда да маңызы зор екені айтылды.
“Мысалы, пандемия кезінде жерлеу мәселесі күрделенгенін көрдік. Осындай инфрақұрылым болашақта түрлі жағдайларда қосымша мүмкіндік береді”, – деп қорытындылады Әбдіқанова.
Крематорийдің қоршаған ортаға әсері
Алматыдағы крематорийдің медицина бөлімі бойынша директорының орынбасары Руфат Хасанов нысанның экологиялық қауіпсіздігі толық сақталғанын айтты.
Маманның айтуынша, пеш екі камерадан тұрады. Бірінші камерада мәйіттің жану процесі жүреді, ал екінші камерада бөлінген газдар толықтай өңделеді.
“Алғашқы камерада жану кезінде ұшпа заттар, кей жағдайда токсиндер де бөлінуі мүмкін. Бірақ екінші камерада олар толық күйіп, бейорганикалық заттарға дейін ыдырайды. Яғни қоршаған ортаға айтарлықтай қауіп төндірмейді”, – деп түсіндірді Хасанов.
Сонымен қатар крематорийде қосымша сүзгі жүйелері қарастырылған.
“Пештерде арнайы фильтрация жүйелері бар. Егер байқасаңыздар, пештер іске қосылғанымен, түтін шыққан жоқ. Бұл – технологияның экологиялық талаптарға сай екенін көрсетеді”, – деді ол.
Санитарлық талаптар сақталған
Хасановтың сөзінше, крематорийді орналастыру кезінде барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормалар ескерілген.
“Нысан тұрғын үйлерден және басқа инфрақұрылым нысандарынан алыс жерде орналасқан. Сондықтан экологиялық немесе санитарлық талаптардың бұзылуы болмайды деп есептейміз”, – деді ол.
