2025 жылы Қазақстан экономикасы өсім көрсеткеніне қарамастан, халықтың нақты табысы төмендеген. Бұл туралы Halyk Finance талдауында айтылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сарапшылардың мәліметінше, негізгі себеп – инфляциялық қысымның күшеюі. Соның салдарынан азаматтардың сатып алу қабілеті әлсіреген.
Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылы қазақстандықтардың нақты ақшалай табысы өткен жылмен салыстырғанда 1,7%-ға азайған. Ал сол кезеңде елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 6,5%-ға өскен.
Сонымен қатар, үй шаруашылықтарының нақты шығыстары да қысқарып, 1,1%-ға төмендеген. Тұтыну құрылымында да өзгерістер байқалады: азық-түлікке жұмсалатын шығындардың үлесі 52%-ға дейін артқан (бұрын 50,6% болған), ал азық-түлік емес тауарларға жұмсалатын қаражат керісінше азайған.
Халық табысының негізгі бөлігін еңбек қызметінен түсетін кірістер құрайды – 74,9%. Алайда 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында нақты жалақы 1,4%-ға төмендеген.
