Алматыдағы ауа сапасына жүргізілген қоғамдық мониторинг қорытындысы жарияланды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Almaty Air Initiative қорының директоры Жұлдыз Сәулебекова мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, биылғы алғашқы төрт айда 52 күн бойы қаладағы ауа ластануы жоғары деңгейде тіркелген. Бұл шамамен әрбір екінші күні ауа сапасы нашарлағанын білдіреді. 19 күнде ғана ауа таза болған. Сонымен қатар, PM2.5 ұсақ бөлшектерінің орташа мөлшері белгіленген нормадан едәуір асып кеткен.
Қор мамандары мониторинг жүргізу үшін қала аумағына 170 арнайы датчик орнатқан. Зерттеу нәтижесі көлік мәселесіне ерекше назар аудару қажет екенін көрсеткен. Себебі азот диоксидінің деңгейі рұқсат етілген мөлшерден жоғары болып шыққан.
Мәліметке сүйенсек, Алматыдағы көліктердің 55 пайыздан астамы 10 жылдан бері пайдаланылып келеді. Ал экологиялық санаты төмен көліктер зиян шығарындылардың 80 пайызына дейін бөледі. Әсіресе, жүк көліктерінің әсері жоғары. Мамандардың есебінше, бір жүк көлігінің экологияға келтіретін зияны 20 жеңіл көлікке тең.
Сарапшылар мәселені шешу үшін кешенді шаралар қажет екенін айтады.
