Қазақстан мен Ресей саудасы 27 млрд доллардан асты

Самал Асқар 30 сәу. 2026 15:14

Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 27 млрд доллардан асты, деп хабарлайды Dala News.

«Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ресейдің еліміздің негізгі сауда экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 27 млрд АҚШ долларынан асты, бұл ретте өзара сауданы одан әрі ұлғайту және кооперацияны кеңейту үшін айтарлықтай әлеует сақталып отыр», - делінген СІМ ресми мәліметінде.

Кездесу барысында Қазақстанның сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Сондай ақ алдағы жоғары деңгейдегі сапарлар кестесі қаралып, өзара іс қимылды күшейтуге дайындық барысы айтылды.

«Біздің елдеріміз арасындағы кешенді ынтымақтастық жан жақты стратегиялық әріптестік және одақтастық рухында дәйекті түрде дамып келеді», - деді Е. Көшербаев.

Келіссөздер барысында Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға жоспарланған сапарына дайындық мәселелері қаралды. Жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстар екі ел арасындағы қатынастарды дамытудағы негізгі фактор ретінде бағаланды.

Тараптар инвестициялық ынтымақтастыққа да назар аударды. Соңғы 20 жылда Ресейдің Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 29,3 млрд долларды, ал Қазақстанның Ресейге инвестициясы 9 млрд долларды құрады. Ресейлік компаниялар өнеркәсіп, энергетика және көлік салаларындағы жобаларға қатысуда.

Сонымен қатар өнеркәсіптік кооперация, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және жоғары технологиялар бағытындағы өзара іс қимыл мәселелері талқыланды.

Халықаралық көлік дәліздерін дамыту, шекара инфрақұрылымының өткізу қабілетін арттыру, сондай ақ экология, климат және су ресурстарын пайдалану мәселелері де күн тәртібіне енді.

Бұдан бөлек мәдени гуманитарлық байланыстар мен білім беру саласындағы ынтымақтастық қаралды. Қазақстан мен Ресейде бірлескен білім беру жобалары іске асырылып жатыр, студенттер алмасуы жалғасуда.

Кездесу қорытындысы бойынша екі елдің сыртқы істер министрліктері арасындағы 2027–2028 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарына қол қойылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove