Ақтөбеде су тасқыны маусымына дайындық мәселесі бойынша көшпелі алқа отырысы өтіп, өңірдегі барлық жауапты органдарға нақты тапсырмалар жүктелді, деп хабарлайды Dala News.
Жиынды ашқан облыс прокуроры Марат Әбішев су тасқынына қарсы іс-шараларды ұйымдастыру барысында құқық бұзушылықтарға жол бермеу қажеттігін қатаң ескертті. Ол гидротехникалық құрылыстардың, елді мекендерді қорғайтын инженерлік нысандардың, автожолдар мен көпірлердің жай-күйін тұрақты бақылауда ұстау керектігін атап өтті. Сондай-ақ эвакуациялық пункттер мен жауапты қызметтердің жедел әрекет етуге толық дайын болуы талап етілді.
Облыс әкімі Асхат Шахаров су тасқынына қарсы жұмыстар ерекше бақылауда екенін айтып, барлық уәкілетті органдарға үйлесімді ведомствоаралық іс-қимыл мен жедел ақпарат алмасуды күшейтуді тапсырды. Әсіресе су басу қаупі бар аймақтардан халықты уақытылы көшіру және алғашқы медициналық-әлеуметтік көмекті ұйымдастыру мәселесіне басымдық берілді.
Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қахарман Оразалин өңірдегі қазіргі ахуал туралы баяндады. Аймақта жедел штабтар құрылған, «жедел желі» жұмыс істеп тұр, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.
Қазірдің өзінде тасқын жағдайына әрекет ету үшін 2 мыңнан астам қызметкер, 800-ден астам техника және 8 әуе кемесі дайындыққа келтірілген. Сонымен қатар 19 бірлік жаңа техника – аэролодкалар, жедел әрекет ету көлігі, гидроциклдер мен қайықтар сатып алынған.
Полиция органдары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және төтенше жағдай салдарын жою кезінде құқықтық тәртіпті сақтауға бағытталған.
Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға ықтимал төтенше жағдайларға жедел әрекет ету және халыққа келетін шығынды барынша азайту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
