Нұра ауданында құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жергілікті рейдтік іс-шаралар өткізілді, деп хабарлайды Dala news.
Тексеру шаралары тұрғын үй секторын, жалдамалы пәтерлерді, хостелдерді, құрылыс нысандарын, сауда үйлерін және құқық бұзушылық жасалуы мүмкін өзге де орындарды қамтыды. Полиция қызметкерлері көші-қон заңнамасының сақталуын, азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тіркелуін бақылап, профилактикалық есепте тұрған тұлғалармен мекенжайлық жұмыс жүргізді.
Іс-шара барысында іздеуде жүрген азаматтарды анықтауға, заңсыз еңбек қызметі мен шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарту деректеріне ерекше назар аударылды. Кешкі уақытта ойын-сауық орындары тексеріліп, алкоголь өнімдерін сату талаптарының сақталуы қадағаланды.
Сонымен қатар аулаларды аралау кезінде интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Полиция қызметкерлері, әсіресе, егде жастағы тұрғындармен әңгіме өткізіп, ақпараттық парақшалар таратты және тұрғындар чаттарына ескерту материалдарын жолдады.
Рейд қорытындысы бойынша 160-қа жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, 84 абаттандыру қағидаларын бұзу дерегі тіркелген. Бұдан бөлек, көші-қон заңнамасын бұзу, белгіленбеген орындарда кальян шегудің 11 фактісі, тыныштықты бұзу, қоғамдық орындарда алкоголь ішу, спирттік ішімдіктерді заңсыз сату, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектерсіз жүруі және өзге де құқық бұзушылықтар анықталған.
Іс-шараларға полицияның түрлі қызметтері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жұмылдырылды.
Полиция департаменті тұрғындарды жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарауға шақырып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті екенін еске салды.
