Ақтөбеде 33 жастағы ер адамның өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сотталушы Ксения Седова «аффект күйінде жасалған кісі өлтіру» бабы бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, алайда амнистияға ілініп, сот залынан босатылды.
Оқиға 2025 жылдың сәуір айында болған. Тергеу дерегіне сәйкес, ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал кезінде әйел күйеуіне пышақ сұғып, салдарынан ол көз жұмған. Алғашында Ксения Седоваға қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол қамауға алынған. Кейін іс «аффект күйінде жасалған кісі өлтіру» бабына қайта сараланып, амнистияға байланысты босатылған. Алайда тергеу қайта жанданып, прокуратура оны қасақана адам өлтіру бабы бойынша айыптап, іс мамандандырылған қылмыстық сотқа жолданған.
Сотта айыпталушы күйеуін қасақана өлтіру ниеті болмағанын, ұзақ уақыт бойы зорлық-зомбылық көргенін айтты. Оның сөзінше, 2025 жылғы 29 сәуірде күйеуі мас күйінде балағаттап, ұрып-соққан, тұншықтырған. Қорқыныш пен шарасыздық жағдайында ол өзін қорғау үшін пышақ алған.
Айыпталушы оқиғадан кейін күйеуіне алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырғанын алға тартты. Бұл оның өлтіру ниеті болмағанын көрсетеді деп мәлімдеді қорғаушысы.
Сотта куәгерлер Ксенияның күйеуі тарапынан жүйелі түрде зорлық көргенін айтқан. Әріптестері оның денесіндегі көгерген іздерді бірнеше рет байқағандарын жеткізген. Сот-медициналық сарапшылар да айыпталушы пышақ салған сәтте аффект күйінде болғанын мәлімдеген.
Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы қасақана адам өлтіру айыбынан бас тартып, істі «аффект күйінде жасалған кісі өлтіру» бабына қайта саралауды сұраған. Сонымен қатар 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, «Амнистия туралы» заңға сәйкес босатуды ұсынған.
Судья Сейтжапаров үкімді жариялай отырып, айыпталушының әрекеті ұзақ уақытқа созылған психологиялық қысым мен зорлық-зомбылық салдарынан туындаған күшті жан күйзелісі жағдайында жасалғанын атап өтті. Аталған бап орташа ауыр қылмыс санатына жатады және оған үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.
Сот шешімімен Ксения Седова 5 млн теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Жәбірленуші тарап 20 млн теңге сұраған.
Марқұмның анасы сотта ұлын «құбыжық етіп көрсетіп жатыр» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, ұлы жұмыс істеген, ішімдікке салынбаған, ал ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалға әйелдің өзі де себеп болған.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұл іс республика көлемінде кең резонанс тудырды. Ксения Седованы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсететін «Не Молчи» қорының құқық қорғаушылары қолдаған.
